Қазақстанда 2028 жылдан бастап кепілдендірілген зейнетақы өседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қазақстандықтардың кепілдендірілген мемлекеттік минималды зейнетақыны арттыру жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағының қазіргі аз мөлшерін ескере отырып, Үкімет пен Ұлттық банк зейнетақы жүйесін дамытудың барлық шарасын қабылдап жатыр. Алайда бұл ретте мемлекет тарапынан кепілдендірілген бір бөлік болуы тиіс. Осы себепті біз Президентке 2028 жылдан бастап мемлекет жұмыс өтілі мен айлық мөлшеріне қарамастан беретін кепілдендірілген минималды зейнетақыны енгізу бастамасын ұсындық. Бұл ұсыныс зейнетақы жүйесін жаңғырту тұжырымында жазылған», - деді Біржан Нұрымбетов Парламент Сенатында өткен дөңгелек үстел барысында.

Қазіргі таңда айлық аударым мен жұмыс өтіліне қарамастан базалық зейнетақы төлемін барлық зейнеткер алады. 2020 жылы оның мөлшері күнкөріс минимумының 54 пайызын, яғни 16,8 мың теңгені құраған.

«2028 жылдан бастап бес жылдан аз уақыт жұмыс өтілі барларға күнкөріс минимумының 70 пайызына тең базалық зейнетақы беруді жоспарлап отырмыз. Ал ол тұста күнкөріс минимумы қазіргіден қарағанда 1,5 есе көп болуы тиіс», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Үкімет азаматтардың зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі бойынша Президентке ұсыныс бергенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар