Қазақстанда 10 айда өндірілген мұнайдың 55 пайызы Атырау облысына тиесілі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылдың он айында Атырау облысында 39 млн 300 мың тонна мұнай өндірілді. Бұл туралы бүгін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында еліміздің және өңірдің өркендеуіне қатысты нақты тапсырмалар көрсетілген. Біздің басты мақсатымыз - нақты жүктелген міндеттерді табысты жүзеге асыру. Аталған бағыттар бойынша Атырау облысында іргелі жұмыстар жасалып жатыр. Облыстың жалпы өңірлік өнімі осы жылдың қаңтар-маусымында 3 трлн 930 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі - 102,2 пайыз. Ал республиканың жалпы ішкі өнімі көлеміндегі облыстың үлес салмағы - 14 пайыз. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім - 6 млн теңге», - деді өңір басшысы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Осы ретте ол Атырау өңірінің экономикалық өзегі мұнай-газ секторы екенін баса айтты.

«Облыстағы өнеркәсіптік өнімдегі оның үлесі 88 пайызды құрайды. Биыл 10 айда 39 млн 300 мың тонна мұнай өндірілді. Бұл Қазақстанда өндірілген жалпы мұнай көлемінің 55 пайызы деген сөз. Облыста мұнай-газ саласы бойынша бірқатар ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Солардың ең ірісі - келешекте Теңіз кен орнын кеңейту жобасы. Оның жалпы құны 46 млрд доллар. Бұл жоба мұнай өндіруді жылына 12 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді»,- деді Махамбет Досмұхамбетов.

Облыс басшысының айтуынша, Теңіз кен орнын кеңейту жобасына үш жүзге жуық қазақстандық компания жұмылдырылған. Қазір 27 мың адам жұмыс істеп жатқан іргелі жобаны 2020 жылы іске қосу жоспарланып отыр.

«Жобаның 80 пайызы дайын. Мұнай-газ саласындағы тағы бір ауқымды жоба Қашағанның да маңызы күннен күнге артып келеді. Онда осы жылдың 10 айында 12 млн 700 мың тонна мұнай өндірілді», - деді Атырау облысының әкімі.


Соңғы жаңалықтар