Қазақстан журналисі Каирде жоғары марапатқа ие болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Хабар-24» телеарнасының журналисі Ақмарал Баталова Мысырда өткен Халықаралық әйелдер экономикалық форумында «Ерекше артықшылығы бар әйел» аталымында марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылғы 4-5 наурызда Халықаралық әйелдер экономикалық форумы (ӘЭФ) аясында танымал қазақстандық журналист және фильм продюсер Ақмарал Баталова «Ерекше артықшылығы бар әйел» номинациясында марапатқа ұсынылды. Журналист бұл марапатқа Сирия Араб Республикасындағы гуманитарлық дағдарысты объективті түрде көрсеткені және Қазақстанның халықаралық аренада бітімгершілік рөлін танымал еткені үшін ие болды. А.Баталова әскери дағдарыс кезінде Сирияға бірнеше рет сапармен барып, сол жерден «Хабар-24» арнасына бірқатар репортаждар жасады. Сонымен қатар, ол Астана үдерісі аясындағы бейбіт келіссөздер туралы хабарлардың және Таяу Шығыстағы ахуал бойынша шолу мақалаларының авторы ретінде танымал», - делінген Қазақстанның Мысырдағы Елшілігінің Facebook -тегі парақшасында жарияланған ақпаратта.

Соңғы үш жыл ішінде А.Баталова Sezar Films продюсерлік орталығы ұжымымен бірнеше деректі фильмдерді, соның ішінде Сирия мәселесі, Астана үдерісі, исламның радикализациялануына қарсы іс-қимыл, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретіндегі жұмысының нәтижелері туралы фильмдер түсірді. Соғыс нәтижесінде зардап шеккен Алеппо қаласындағы түсірілген «Қираған жердегі шетен жидегі» деректі фильмі Мәскеу кинофестиваліне қатысады.

Өткен жылы қазақстандық журналист WinTrade халықаралық ұйымының «Жыл әйелдері» сыйлығына ұсынылды. Сирия дағдарысының гуманитарлық проблемаларын айқындаудағы объективтілігі және Астана үдерісінің нәтижелерін паш етуге белсенді күш салғаны үшін Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің дипломымен марапатталды.

Әйелдер экономикалық форумы (ӘЭФ) Әйелдер лигасының (All Ladies, ALL) ғаламдық желісінің бөлігі саналады. Форум - жаһандық деңгейде әйелдердің кәсіпкерлік пен көшбасшылық әлеуеттерін арттыруға мүмкіндік беретін ірі халықаралық алаңдардың бірі.

ӘЭФ жыл сайын әлемнің әртүрлі елдерінде өткізіледі. Биылғы жылы ол Каирде Мысыр Үкіметі мен Президенті Әбдель Фаттах ас-Сисидің қамқорлығымен өтті. Мысыр астанасындағы форум 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнін мерекелеуге арналды. Оған 75 елден келген әйелдер қатысты.


Соңғы жаңалықтар