Қазақстан жолдарының бойында көпфункционалды 35 кешен бой көтереді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан жолдарының бойында қызмет көрсететін көпфункционалды 35 кешен бой көтереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде «QazAvtoJol» ҰК» АҚ мен «Compass» ЖҚС желілері компаниясы арасында Жол бойындағы қызметті дамыту саласындағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы келісімшартқа қол қойылды. Бұл – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық маңызы бар жолдарды 2025 жылға дейін сапалы қызметпен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылуда.

«Құжат республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында қызмет көрсететін заманауи 35 кешеннің құрылысын қарастырады. Кешен жанармай құю станциясы, ауыр жүкті тасығыш көліктер мен автобустарға арналған кең паркинг алаңы, 80 орынға лайықталған фуд-корт, тауарлар мен автобұйымдардың кең ассортименті ұсынылған Express Market-пен жабдықталатын болады. Жоба 4200 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтымақ. Инвестициялардың жалпы мөлшері 30 млрд теңгені құрайды.

Әлемдік үздік тәжірибені қолдана отырып, қазақстандық «Compas» бренді көпфункционалды қызмет саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Қызылорда қалаларында 11 кешенді тұрғызды.

Министрлік пен ұлттық оператор өз тарапынан жол бойында қызмет көрсететін аталмыш нысандардың құрылысын жүргізуде, олардың алаңдарына одан әрі қызмет көрсетуде қолдау танытуға дайын», - делінген министрлік ақпаратында.

Келісімшартқа қол қою шарасына министр Бейбіт Атамқұлов қатысты.


Соңғы жаңалықтар