Қазақстан жолдарында аса ауыр жүк таситын көліктердің қозғалысы шектелді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда аса ауыр жүк тасығыш көліктер қозғалысы уақытша шектеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көктемде тасжолдардың конструктивтік элементтерінің жүк көтеру мүмкіндігі төмендейтіндіктен, жеке білігіне 8 тоннадан аса жүктеме түсіретін жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізілді. Аймақтардың табиғи-климаттық ерекшеліктеріне байланысты шектеу түрлі уақытта енгізіледі. Атап айтқанда, 1 наурыз бен 1 сәуір аралығында Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында және Қарағанды облысының Жезқазған өңірінің жолдарында жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізіледі», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз мәліметінде.

Мұнымен қоса, 23 наурыз бен 1 мамыр аралығында Шығыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының жолдарында ауыр жүк тасығыш көліктердің қозғалысында шектеу болады.

Айта кету керек, көктемде қозғалысты уақытша шектеудің халықаралық келісімдеріне сәйкес, жүктер мен жолаушыларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларға қатысатын, зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсететін, тамақ өнімдерін, жолаушылар мен қолжүгін, сондай-ақ дәрі-дәрмектер тасымалдайтын автокөлік құралдарына қатысы болмайды.

Еске сала кетейік, Қазақстанның автомобиль жолдарымен жүруге арналған автокөлік құралдарының белгіленген рұқсат етілген өлшемдерін сақтау – міндетті шарт.


Соңғы жаңалықтар