Қазақстан жастарына «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты берілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Үкіметінің қаулысымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Грант берудің мақсаты белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған, жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекеттік қолдау», - делінген Үкімет қаулысында.

Грант беру міндеттері:

талантты және талапты жастарды қолдау;

елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін практикалық қызығушылық танытатын жастардың инновациялық жобалары мен ғылыми-техникалық әзірлемелерін анықтау және қолдау;

жастардың жаңа және қолданыстағы стартап-жобаларын іске асыруға жәрдем көрсету;

жастар арасында шығармашылық қызметті танымал ету.

Гранттың мөлшері мен санын Үкімет жыл сайын белгілейді.

Гранттар ҚР азаматтарына жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін келесі бағыттар бойынша конкурстық негізде беріледі:

«Ғылым» - ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобалар мен зерттеулерді іске асыру үшін;

«Мәдениет» - Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыру үшін;

«Ақпараттық технологиялар» - жаңа IT-шешімдер мен жобаларды, оның ішінде бастаушы стартап-жобаларды іске асыру және әзірлеу үшін;

«Бизнес» - экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін;

«Медиа» - жаңа медиа-жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контентті құру жөніндегі жобаларды іске асыру үшін.

Конкурстық өтінімдер мемлекеттік немесе орыс тілдерінде қабылданады және онда төмендегі мәлімет болуы қажет:

жобаның сипаттамасы;

жобаның бейнепрезентациясы (60 секундтан көп емес);

шығындар сметасының жобасы;

зияткерлік меншік туралы мәліметтер (бар болса).

Қаулы 2021 жылғы 20 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.


Соңғы жаңалықтар