Қазақстан уран өндіру көлемін одан ары төмендетуі мүмкін бе

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстан уран өндіру көлемін 10 пайызға азайтты. 

Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Азиядағы ядролық кооперациялар форумының министрлер деңгейіндегі 18-кеңесі аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан уәде бергеніндей уран өндірісі көлемін 10 пайызға дейін төмендетті және жыл соңына дейін де дәл солай болады, ештеңе өзгермейді. 9 айдың қорытындысы бойынша өндірісі 10 пайыздан сәл астамға кеміді», - деді ол.

Сонымен қатар Қанат Бозымбаев келесі жылға уран саласындағы жоспарларымен де бөлісті.

«Келесі жылы конъюнктураға қараймыз. Егер жылдың соңында конъюнктура жаман болса, онда қайта қарастырамыз. Өндіріс көлемін кез келген уақытта арттыруға болады. Бізде уран өндіруде тиімді технологиялардың бірі бар және тез арада ұлғайтуға болады. Бірақ, жауапкершілігі бар ірі өндіруші ретінде конъюнктураға қарауға тиіспіз. Өйткені, бағаны құлдыратып, өзіңе де, серіктестеріңе де зиян келтіру оңай. Сондықтан  байыппен қараған жөн», - деді министр.

Айта кетейік, уран өндіру көлемін азайту туралы шешім жайында жылдың басында жария етілген болатын. Мұндай қадамға Қазақстан әлемдік конъюнктурадағы уран бағасының 47 пайызға құлдырауынан кейін барған еді.  Мәселен, 2016 жылы 24,6 мың тонна өндірсек, биылғы жылдың жоспарында оның көлемі 22,1 мың тонна болып белгіленген.

Соңғы жаңалықтар