Қазақстан туризмдегі дағдарысты қалай еңсергелі отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус пандемиясы әлемдегі миграцияны тоқтатып, туризм саласын бұрын-соңды болмаған стагнацияға ұшыратты. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы келтірген мәліметке сәйкес, 2020 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанға сырттан келетін туристердің саны 72,3 пайызға (1 783,6 мың адам – өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда) азайып кеткен. Оған қоса ішкі туристердің де саны 40 пайызға (3 058,7 мың адам) төмендеген. Әлбетте, бұл өзгеріс туризм саласына үлкен соққы болып тиді. Тұралап қалған туризм саласын жандандыру үшін елімізде қандай іс-шаралар қолға алынып, бағдарламалар іске қосылады? Бұл сұрақты ҚазАқпарат тілшісі Мәдениет және спорт министрлігіне жолдап көрген еді.

Мемлекет туризм саласына қандай көмек көрсетті?

Жоғарыда атаған бюро Қазақстаннан сыртқа шығатын туристерінің саны да 70,8%-ға азайғанын (2 397,6 мың адам) хабарлайды.

Осыған байланысты былтыр туристік саладағы компаниялар зор шығынға ұшырап жатқанын айта келе мемлекеттен көмек-қолдау сұраған болатын.

Артынша мемлекеттік қолдаудың арқасында бұл саладағы бизнесті ынталандырып, пандемияның салдарын жеңілдету мүмкіндігіне жол ашылды.

«Дағдарыс кезеңінде туризм саласын қолдау мақсатында халықаралық тәжірибені зерделей отырып, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП мен туристік қоғамдастықтың ұсынымдарына сәйкес, саланы дамытуды ынталандыруға және оның инвестициялық әлеуетін ұлғайтуға бағытталған қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңге арналған дағдарысқа қарсы шаралар пакеті қабылданды. Қысқа мерзімді шаралар - бұл қабылданған салық жеңілдіктері, айналым қаражатын қаржыландыру жөніндегі шараларды кеңейту, пайыздық мөлшерлемені біріздендіру, салалық шектеулерді алып тастау және оған мемлекеттік кепілдік бере отырып несие сомасы жағынан көмек, банктік қарыз шарттары бойынша төлемдерді кейінге қалдыру, елдің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулылары шеңберінде туристік нысан жұмыстарының регламенттерін енгізу», - дейді Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ, былтыр эпидемиологиялық жағдайға сәйкес, карантин шаралары кезең-кезеңімен жеңілдетілгенін де атап өту қажет. 2020 жылдың шілдесінен бастап Мысыр, БАӘ, Түркия, Мальдив сияқты танымал курорттық бағыттар бойынша рейстер қайта жанданды.

Бұл өзгерістер сыртқы туризм саласында жұмыс жүргізетін туристік компанияларға қолдау көрсетуге мүмкіндік берді. Көптеген компания жылдың наурыз және сәуір айларында сапарлардың тоқтатылуына байланысты туристер алдындағы міндеттемелерін орындады.

Ішкі туризм саласындағы қауіпсіздік регламенттерін әзірлеудің пайдасын да атап өту керек. Осының арқасында курорттық аймақтардың жұмысы қайта жанданып, келушілер үшін ұлттық табиғи парктерді, тарихи және киелі орындарды ашуға мүмкіндік туды.

Жалпы былтыр халық тарапынан демалысқа сұраныстың артқанын байқауға болады. Алакөл, Щучье-Бурабай аймағы, Балқаш және басқа да курорттарға бір және екі күндік турларға сұраныс айтарлықтай өсті.

Сондай-ақ экотуризм де қарқынды серпін алды. Осының нәтижесінде, ел бойынша туризм көрсеткіштерінің жалпы төмендегеніне қарамастан курорттық аймақтар бойынша оң динамика байқалады.

Мәселен, курорттық аймақтарда орналастыру орындарының саны 1 052-ден 1 466 бірлікке дейін (39% - ға ұлғаю), нөмірлер саны 21 007-ден 38 218-ге дейін (шамамен 2 есе) ұлғайды.

Бұл ретте курорттық аймақтарда қызмет көрсетілген келушілер саны 1,1 миллионнан 1,3 миллион адамға дейін (16% - ға ұлғаю) ұлғайған, орналастыру орындарымен көрсетілген қызметтер көлемі 14,9 млрд теңгеден 24,5 млрд теңгеге дейін артқан.

Сонымен бірге ұзақ мерзімді келешекте (2025 жылға дейін) заң жобасы аясында саланы ынталандырып, оның инвестициялық әлеуетін арттыру көзделуде. Атап айтқанда:

- туристік нысандарды салу, реконструкциялау және жарақтандыру кезінде жеке бизнестің шығындарын, оның ішінде инвестиция сомасының 10%-ын дейін өтеу;

- ұлттық стандарттарға сәйкес жол бойындағы сервис нысандарын салған кәсіпкерлердің шығындарының 10%-ын өтеу;

- 83 300 теңге мөлшерінде санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға арналған шығындарды субсидиялау;

- тау шаңғысы жабдықтарын сатып алу бойынша шығындардың 25%-ын өтеу;

- туристік санаттағы көлік құралдарын сатып алу бойынша туроператорлар мен турагенттіктердің шығындарын 25%-ға өтеу;

- әрбір шетелдік турист үшін туроператорлардың шығындарын 15 000 теңге мөлшерінде субсидиялау;

- ішкі авиамаршруттар бойынша балалар үшін тасымалдау ақысының 100% өтеу.

2020 жылы 51 млрд теңгеге инфрақұрылымдық жобалар іске асырылған

Мемлекеттік бюджеттің шығысына келер болсақ, жеке инвестицияларды ынталандыру мақсатында негізгі курорттық дестинацияларға инженерлік инфрақұрылымды тарту жағынан үлкен жұмыс жүргізілген.

Өткен жылдан бастап 51 млрд теңге сомасына 45 инфрақұрылымдық жоба іске асырылған.

Туристік саладағы негізгі капиталға инвестиция тарту жоспарының нысаналы индикаторға жеткені байқалады.

Мәселен, 2020 жылдың 11 айында туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 543,5 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 1,4 есе көп (387,3 млрд теңге).

Оң динамикаға Rixos Water World Aktau (Ақтау), Rixos Turkestan, Керуен Сарай кешені (Түркістан), Ақмола облысындағы Wydham Garden қонақ үйі сияқты ірі жобалардың арқасында қол жеткізіліп отыр.

«Түркістанда тарихи-мәдени мұраны сақтай отырып, қазіргі заманғы инфрақұрылым керемет ретке келтіріліп жатыр. Туристік әлеуетті арттыру жағынан Түркістан қаласынан қуатты туристік серпінді байқап отырмыз. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне баратын басты әрі «must see» нысанындағы аумақта ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Кесене аумағындағы жаңа нысандар арасында қолөнер шеберханасы, Шығыс базары, дәстүрлі тағамдар аймағы, ұлттық ойындар алаңы, мерекелік қойылымдар алаңы, атқа міну алаңы орналасқан «этноауыл» бой көтерген. Мұның бәрі қызығушылықты арттыруға және келушілер үшін барынша жайлылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бұдан басқа, қонақтарды әрқайсысы 120 нөмірлі «Rixos Turkistan» және «Hampton by Hilton» жаңа қонақ үйлері, «Түркістан» жаңа визит-орталығы қабылдауға дайын. Ал келесі жылы құны 88,5 млрд теңге болатын көпфункционалды «Керуен-Сарай» туристік кешенінің құрылысы аяқталады» делінген министрліктің жауабында.

Сондай-ақ, «Конгресс-холл» көпфункционалды концерт залы, «Түркістан Арена» стадионы, Амфитеатр жұмысын бастады. Тарихи сәулет үлгілері бойынша салынған Шығыс моншасы кешені іске қосылды.

Осы жылдың күзінде «Hazret Sultan Airport» жаңа халықаралық әуежайы жұмыс істей бастайды. Ондағы «ашық аспан» режимі ұшу географиясын кеңейтуге ықпал етеді.

Желтоқсан айында Нұр-Сұлтан – Түркістан және Алматы – Түркістан бағыттары бойынша тұрақты әуе қатынасы жолға қойылды.

Саланың кадрлық әлеуетін арттыру үшін 1 қыркүйектен бастап Түркістан қаласындағы Халықаралық Туризм және қонақжайлылық университетінің бірінші курсына алғашқы 588 студентті қабылданған.

Ал Нұр-Сұлтан қаласында биыл жобаның құны 20 млрд теңге болатын жаңа Sheraton отелі іске қосылды. Одан бөлек құны 400 млрд теңгеден асатын 300 га алаңда көпфункционалды туристік ауданды іске қосу жұмыстары басталып кетті.

Бұл ауданда тұрғын үй, сауда, ойын-сауық, спорт және демалыс орындары орналасады.

2020 жылы іске қосылған ең жарқын жобалардың ішінде Ақтау қаласындағы 500 нөмірлі және инвестициялық құны 66,8 млрд теңге болатын Орталық Азиядағы ең ірі бес жұлдызды «Rixos Water World Aktau» кешенін атап өтуге болады.

Қазақстандықтар осы жобаның ауқымына жеке көз жеткізіп, демалыстың жоғары сервисін пайдалануда. Ашылған сәттен бастап аталмыш қонақ үйде 70 мыңнан астам турист демалған.

2021 жылы қызмет көрсетілген келушілер саны 2 есе артып, 150 мың адамды құрайды. К аспий теңізінің Маңғыстау жағалауы жаңа нысандарды іске қосумен одан әрі дамитыны анық.

Алдағы 2-3 жылда тақырыптық ойын-сауық паркін және 1,2 млрд АҚШ доллары сомасына инвестициялар көлемімен «Fairmont», «DoubleTree by Hilton», «Movenpick Hotels and Resorts» сияқты халықаралық деңгейдегі 4-5-ке жуық қонақ үй салу жоспарланып отыр.

«Біз әлемде де, Қазақстанда да эпидемиологиялық жағдай жақсарады деп үміттенеміз. Тиісінше бұл шаралар 2021-2022 жылдар ішінде туристік саланың біртіндеп қалпына келтіруі керек. Негізгі мақсат - Қазақстанда туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламада бекітілген Қазақстан Республикасы ЖІӨ-нің жалпы көлеміндегі туризмнің үлесін 2025 жылға қарай кемінде 8%-ға жеткізу» дейді министрліктен.


Соңғы жаңалықтар