Қазақстан туристік саланың үлесін ЖІӨ-нің 8 пайызына дейін жеткізбек – Президент

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан туристік саланың үлесін 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің 8 пайызына дейін жеткізуді көздеп отыр. Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 14-саммитінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласының әлеуетін арттыру мәселесіне де тоқталды. Бұл сала пандемияға қарамастан, ынтымақтастықтың перспективті бағыттарының бірі болып қала береді.

– Қазақстан туристік саланың үлесін 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің 8 пайызына дейін жеткізуді көздеп отыр. Біз Орталық Азия елдері мен күллі түркі әлемі үшін қасиетті саналатын Түркістан қаласын белсенді дамытып жатырмыз. Тек 2020 жылдың өзінде қаланың инфрақұрылымына, Түркістанның туризмі мен логистикасына құйылған ішкі инвестиция шамамен 1 миллиард долларды құрады. Түркістан Қазақстанның ТОП-10 туристік бағытына кірді. Бұл сіздердің елдеріңіздің инвесторлары мен туристері үшін тартымды өңір болмақ, – деді Президент.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласы да Қазақстанға келетін шетелдік инвестицияға «тартылыс орталығы» бола алатынын атап өтті. Бәсекеге қабілетті тарифтер, жоғары білікті жұмыс күші және мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің басқа да көптеген мүмкіндіктері арқылы елге түрік компаниялары тартылды. Олар Қазақстанда жаңа ауруханалардың құрылысына және оларды жоғары технологиялы медициналық құралдармен жабдықтауға атсалысуда.

– Түркияның Rönesans Holding компаниясы Қазақстанның жеті қаласында өз емханаларының құрылысын бастамақшы. Сондай-ақ біз Қазақ ұлттық онкология және радиология институтымен бірлесе отырып, биыл Алматы қаласында Томотерапия орталығын іске қосуды жоспарлап отырған Orhun Medical компаниясының жұмысына сәттілік тілейміз. Түрік компанияларымен ынтымақтастық жалғаса беретініне сенімдімін. Сонымен қатар біз Қазақстанның денсаулық сақтау саласына инвестиция құю үшін басқа да қатысушы-мемлекеттердегі серіктестерімізді шақыруға ниеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетсек, Қазақстан Президенті Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 14-саммитіне қатысты.


Соңғы жаңалықтар