Қазақстан- Түрікменстан-Иран теміржолының мүмкіндіктерін пайдалануға болады –Тоқаев

None
None
АШХАБАД. ҚазАқпарат – Биылғы 5 айда қазақстандық жүктерді тасымалдау көлемі 2,5 есеге, ал Каспий маңы елдерімен жалпы тауар айналымы 9%-ға артқан. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алтыншы Каспий саммитінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазір біздің бірінші кезектегі міндетіміз – Конвенцияның (Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция – ред.) тез арада күшіне енуін қамтамасыз ету. Төрт жыл бойы осы мәселеге қатысты өзара қолайлы шешімдерді іздеу бойынша тынымсыз жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз тараптардың ұстанымдарына түсіністікпен қараймыз, өйткені бұл мәселелер тікелей ұлттық мүдделерді қозғайды», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, дәстүрлі логистикалық тізбектердің алшақ болуынан көліктік өзара байланыс мемлекеттердің экономикалық байланысын тұрақты өсіру мен нығайтудың шешуші факторына айналады.

«Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы транзиттік ағындарды қамтамасыз ету үшін Транскаспий халықаралық көлік бағдарының рөлі айтарлықтай өсті. Биылғы 5 айдың қорытындысына сәйкес аталған бағыт бойынша қазақстандық жүктерді тасымалдау көлемі 2,5 есеге, ал Каспий маңы елдерімен жалпы тауар айналымы 9 пайыздан астам өсті. Теңіз арқылы жүк тасымалын ұлғайту мақсатымен біз оның порттық инфрақұрылымын жаңғыртуға және теңіз флотын кеңейтуге кірістік. Менің ойымша, бізге шұғыл ұйымдастыру мәселелерді бірлесіп және жедел шешуге тура келеді», - деді Қ. Тоқаев.

Сонымен бірге Қазақстан Президенті перспективалы Солтүстік-Оңтүстік дәлізін әрі қарай дамытуға айрықша назар аудару керегін айтты.

«Ол үшін Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдері арасындағы ең қысқа жол – Қазақстан-Түрікменстан-Иран темір жолының мүмкіндіктерін барынша пайдалануға болар еді. Бұл жаңа логистикалық шешім небәрі 12 күн ішінде 6 мың шақырымнан астам жол жүруге мүмкіндік ашады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар