Қазақстан тәуелсіздік жылдары 1 млрд тоннаға жуық көмірді шетелге экпорттады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан өткен жылы 30,5 млн тонна көмірді экспортқа шығарды. Бұл туралы ІІІ Көмір өнеркәсібі форумында ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылдың қорытындысында еліміздің көмір өндіруші компаниялары 111,7 млн тонна көмір өндірді. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 2 пайызға жоғары. Энергия өндіретін кәсіпорындарға 59,3 млн тонна көмір жөнелтілді. 6,8 млн тонна көмір өнеркәсіптік кәсіпорындарға жеткізілді. Халық пен коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке 10,7 млн тонна көмір берілді. Көмір экспорты 30,5 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға көп», - деді Тұрар Жолмағамбетов.

Оның дерегінше, республикада энергетикалық және халық пен коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке арналған көмірді шамамен 30 компания өндіреді.

«Бүгінде еліміздің көмір саласы электр энергиясын өндірудің 70 пайызын, коксхимия өндірісін 100 пайыз, сондай-ақ халықты және коммуналдық секторды отынмен толық қамтамасыз етеді. Салада шамамен 30 мың адам жұмыс істейді. Тәуелсіздік жылдарының ішінде көмір өндіруші кәсіпорындар 2,7 млрд тонна көмір өндіріп, шамамен 0,8 млрд тонна көмір таяу және алыс шет елдерге экспортқа шығарды», - деді комитет төрағасының орынбасары.


Соңғы жаңалықтар