Қазақстан тәуелсіздігін алған сәттен бастап өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға нақты үлесін қосып келеді - Нұрсұлтан Назарбаев

None
None
АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстан тәуелсіздігін алған сәттен бастап өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға нақты үлесін қосып келеді. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Венадағы ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің инаугурациялық отырысына қатысушыларға жолдаған үндеуінде айтты.

«Семей ядролық полигонының жабылуы, қуаты жөнінен әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан бас тарту және оның инфрақұрылымын толықтай жою еліміз үшін тарихи шешім болғаны белгілі», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол таяуда Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы тамыздың 29-ын Ядролық сынақтарға қарсы әрекеттің халықаралық күні ретінде жариялау туралы қарар қабылдағанын еске салды.

«Қазақстан өңірлік және бүкіләлемдік экономикалық үдерістерге жауапты қатысушы ретінде өз рөлін толық сезінеді. Әлемдік нарыққа көмірсутегі шикізаттарының күннен күнге арта түскен мөлшерін сыртқа шығара отырып, біздің еліміз дүние жүзінің, соның ішінде Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қомақты үлес қосуда. Астық және өзге де азық-түлік түрлерінің ірі экспорттаушысы ретінде Қазақстан БҰҰ-ның Аштықтың алдын алу және әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі түйткілдерін шешу бағытындағы Мыңжылдық мақсаттарын орындауға белсене атсалысуда», - деп атап өтті Президент.

Оның айтуынша, Қазақстанның Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесін шақыру жөніндегі бастамасы қазіргі уақытта Азия құрлығындағы ынтымақтастық пен қауіпсіздіктің көпқырлы бірегей құралына айналды. Бүгінгі таңда ЕҚЫҰ-ның Азиядағы өзіндік баламасындай болған бұл форум әлемдік жалпы ішкі өнім өндірісінің үштен бірін қамтамасыз ететін, жалпы тұрғындарының саны 3 миллиард адамды құрайтын елдердің басын қосуда.

Соңғы жаңалықтар