Қазақстан тауарларының Сербияға экспорты ұлғайтылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сербия Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан, Беларусь және Ресейде Сербия Республикасымен еркін сауда туралы шарттар бүгінгі таңда қолданылады. Бірақ олар екіжақты түрде жасалған. Алайда Армения мен Қырғызстан осындай келісімдерді жасаспады. Осы келісіммен Еуразиялық экономикалық одаққа бес мүше мемлекеттің Сербиямен бірдей сауда режимі орнатылады», - деді ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Жаңа келісімде Қазақстан, Беларусь пен Ресейде бажсыз саудамен қарастырылған тауарлар тізбесі ұлғайған. Осылайша, Еуразиялық экономикалық одақ елдері Сербияға ірімшік, алкоголь ішімдік және темекі тауарларын бажсыз жеткізе алады. Осыған дейін бұл тауарларға импорттық баж салықтары салынған.

Ішкі нарықты қорғау мақсатында Еуразиялық экономикалық одақ құс етін, қантты, маталарды, алкоголь ішімдіктерді, темекіні әкелуге, сондай-ақ компрессорлар мен моторлы көлік құралдары сияқты бірқатар өнеркәсіп тауарларына импорттық баж салықтарын қолдануды сақтайды.

«Жаңа келісім Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелері негізінде әзірленген. Атап айтқанда, тараптар санитариялық және фитосанитариялық шараларды, техникалық реттеу шараларын тек халықаралық қағидаттар негізінде қолдануға келісті. Сонымен қатар зияткерлік меншік объектілерін қорғауға кепілдік беруге уағдаласты. Осылайша, Сербия Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болмаса да, халықаралық ұйымның ережелерін орындау бойынша міндеттемелерді өзіне қабылдайды. Осы келісімді іске асыру Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде өндірілетін тауарларды өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, қазақстандық тауарлардың Сербияға экспортын ұлғайту әлеуеті 250 млн АҚШ долларын құрайды», - деді министр.

Осы орайда химия және мұнай-химия, машина жасау әрі металлургия, тамақ өнеркәсібі салаларының тауарлары, құрылыс материалдары ескерілген.

«Заң жобасын іске асыру республикалық бюджеттен қаржы қаражатын бөлуді талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға әкеп соқтырмайды», - деді Бақыт Сұлтанов.


Соңғы жаңалықтар