Қазақстан Ресейдің ішкі су жолдарымен транзиттік тасымал көлемін 300 мың тоннаға жеткізбек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенаты Кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аталған келісім Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы мемлекеттер арасында жасалды. Келісімнің негізгі ережелері, келесіге бағытталған. Біріншіден - тараптардың ішкі су жолдары бойынша кемелердің транзиттік өтуіне рұқсат беру тәртібін жеңілдету. Атап айтқанда, келісімде транзиттік өтуге арналған өтінімді қарау мерзімі – 10 күн және рұқсатты уәкілетті орган РФ Көлік министрліг болып белгіленеді. Келісімге қатысушы елдердің ішінде кемелердің транзиттік жүзуі тек Ресейдің ішкі су жолдарымен жүзеге асырылады.

Қазіргі кезде транзиттік өтуге рұқсатты Ресей Федерациясының Үкіметі береді және осы рұқсатты алу 3 айдан 6 айға дейінгі мерзімді қамтиды. Негізінен жүктер Қара теңіз порттарынан қазақстандық Ақтау, Құрық, Баутино, Атырау порттарына Еділ (Волга)-Дон каналы арқылы жеткізіледі», - деді Сенаттың жалпы отырысында заң жобасы бойынша баяндамаған жасаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев.

Оның атап өтуінше, Ресейдің ішкі су жолдары арқылы тек қазақстандық компаниялардың жеңілдетілген тәртіппен өту мүмкіндігі болғандықтан қазіргі уақытта Еуразиялық одаққа мүше емес Каспий маңы елдері Әзербайджан, Иран, Түрікменстанның Каспий порттарынан Қара теңіз порттарына жүктерді тасымалдау үшін қазақстандық «Қазақтеңізкөлікфлоты», «OMS shipping» тасымалдаушыларды тартуға дайын екендігін білдіріп отыр.

«Біздің Ақтау және Құрық порттарының Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша қабілеттілігі артатын болады. Келісімді қабылдаудың арқасында Ресейдің ішкі су жолдарымен транзиттік тасымал көлемін 2025 жылға қарай шамамен 250-300 мың тоннаға арттыру көздеп отырмыз, - деді ол.


Соңғы жаңалықтар