Қазақстан-Ресей ғалымдары екі ел тарихындағы ақтаңдақты бірлесіп жояды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәскеуде «Қазақстан және Ресей: стратегиялық әріптестік пен жан-жақты ынтымақтастықтың 30 жылы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Осы іс-шараға орай ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын атап өтеді. Яғни, бұл жыл қорытынды шығару мен өткен жолды ұғынудың маңызды кезеңі әрі шебі болмақ. Осы орайда жаңа заман тарихы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының қарышты дамуы мен жоғары нәтижелілігі өзара құрмет, тең құқылық және стратегиялық әріптестік қағидаттарына негізделгенін көрсетті. Бұл екі елдің көшбасшылары, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының бірінші Президенттері Н.Ә.Назарбаев пен Б.Н.Ельцин, ҚР және РФ Президенттері Қ.К.Тоқаев пен В.В.Путиннің, мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінің, сондай-ақ ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың зор еңбегі», - деді ол.

Оның атап өтуінше, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысы екі сессия аясында өтті. «Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы: тарихтан бүгінге дейін» атты бірінші сессиясының аясында екі елдің тату көршілік қатынастарының негізі ретінде халықтар арасындағы тарихи-мәдени байланыс мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, Қазақ хандығы мен Ресей мемлекеті арасында 16-17 ғасырлардағы қатынастардың алғашқы кезеңіндегі дипломатиялық байланыстар тарихына қатыстының мәселелері қозғалды. Ал «ХХ ғасыр және тәуелсіздік. Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты дамыту» тақырыбындағы екінші сессия жұмысы XX ғасырдың тарихы мен посткеңестік кезеңде екіжақты қатынастардың құқықтық негіздерін нығайтудағы мемлекетаралық өзара әрекеттесудің тұрақтылық пен қауіпсіздік кепілі мәселесіне, қазіргі геосаяси процестер контекстіндегі Қазақстан-Ресей қатынастарын талдау сұрақтарына арналды.

«Халықаралық конференция қазақстандық және ресейлік ғалымдардың тарихи мұраның объективті және теңгерімді бағалануын ілгерілетуге әрі тәуелсіз дамудың жаңа кезеңінде екіжақты қатынастардың сенімді, тату көршілік негіздерін нығайтуға бірлесе атсалысу дәстүрін жалғастырды. Ғылыми форум екі мемлекет арасындағы қатынастар тарихындағы «ақтаңдақты» жою бойынша қазақстандық және ресейлік тарихшылардың бірлескен жұмысының басталуына негіз болады», - деді Алуа Жолдыбалина.

Айта кетейік, ҚР-ның РФ-дағы Елшілігінің қолдауымен өткен конференцияны ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты мен Ресей ғылым академиясының Шығыстану институты ұйымдастырды. Ғылыми форум жұмысына қазақстандық және ресейлік тарихшы-ғалымдар, саясаттанушылар, халықаралық қатынастар мамандары, ҚР және РФ Парламенттерінің депутаттары қатысты.


Соңғы жаңалықтар