Қазақстан Президенті «Ядролық бестік» мемлекеттерін Семей шартын ратификациялауға шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ядролық қаруы жоқ әрбір мемлекетке қауіпсіздіктің заңды тұрғыдан міндетті кері кепілдіктері берілуі тиіс. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебаттарында сөз сөйлеген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемия салдарынан біз тағы да екі үлкен сын-қатермен бетпе-бет келіп отырмыз. Біріншісі – ядролық қаруды таратпау және қарусыздану дағдарысы.

Бүгінде Қазақстан өз еркімен ядролық арсеналынан бас тартқан және әлемдегі ең ірі атом сынақ полигонын жапқан мемлекет ретінде барша әлемге үлгі болып отыр. Осылайша бейбітшілік мәселесіне аса жауапкершілікпен қарайтын ел екенін танытты. Алайда, ядролық қаруды таратпау режимі толық іске аспағандықтан оның қаупі сейілген жоқ. Осы орайда, барлық мүше мемлекеттер адамзатты ядролық апаттан құтқаруға бағытталған қажетті әрі кезек күттірмес барлық шараны қабылдау туралы Қазақстанның ядролық держава саналатын елдерге жолдаған үндеуін қолдайды деп үміттенемін», - деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан БҰҰ-ның тиісті институттарының, соның ішінде, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының белсенді рөлін жоғары бағалайтындығын баса айтты.

«Бұл ретте, ядролық қаруы жоқ әрбір мемлекетке қауіпсіздіктің заңды тұрғыдан міндетті кері кепілдіктері берілуі тиіс деп санаймыз. Біз «ядролық бестіктің» барлық мемлекеттерін Ядролық қарудан таза аймақтар туралы шарттың тиісті хаттамаларын, соның ішінде Семей шартын ратификациялауға шақырамыз«, - деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар