Қазақстан Президенті көршілес елдермен стратегиялық серіктестікті дамытуға баса мән береді - Ақбар Мәжит

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көршілес мемлекеттермен стратегиялық серіктестікті дамытуға айрықша мән береді. Мұндай пікірді 12-ші шақырылған Қытай халықтың саяси консультативтік кеңесінің мүшесі, танымал жазушы Ақбар Мәжит білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«12 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болып сайланғанына бір жыл болады. Мемлекет басшысы көршілермен стратегиялық серіктестікті дамытуға айрықша мән беріп отыр. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың қыркүйек айындағы Қытай Халық Республикасна мемлекеттік сапары барысында тараптар бірлескен мәлімдеме қабылдады. Онда екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасты мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне шығару жайы көрініс тапқан», - деді ол.

Осы орайда қаламгер 2020 жылы коронавирус эпидемиясы бүкіл әлемді шарпығандығын атап өтті.

«Індет алғаш рет Уханьда таралып, Қытай үшін COVID-19-бен күрестегі ең қиын кезеңде Қазақстан 14,5 мың тонна гуманитарлық көмек жөнелтті. Өз кезегінде Қазақстанда коронавирус инфекциясының алғашқы жағдайы тіркелген сәтте қытай тарапы да гуманитарлы көмек көрсеткен болатын», - деді Ақбар Мәжит.

Сонымен қатар ол биыл Қазақстан қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтетіндігіне тоқталды.

«Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласын аударып отырып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай шығармашылығын терең түсінетіндігін біліп, таң-тамаша болдым«, - деді Қытайда тұратын қандасымыз.

Айта кетейік, Ақбар Мәжит - Қытай Халық Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, Қытай мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚХР Жазушылар одағының «Қытай жазушылары« журналының бас редакторы. Оның 10-нан астам кітабы жарық көрген. Сонымен қатар ол Абай шығармаларын қытай тіліне аударған.


Соңғы жаңалықтар