Қазақстан Президенті Беларусь Қауіпсіздік кеңесінің Мемхатшысын қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің Мемлекеттік хатшысы Станислав Засьті қабылдады. Бұл туралы Ақордадан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан астанасына келген Станислав Засьқа ілтипат білдіріп, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының өңірде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Бас хатшысы лауазымына Беларусьтің кандидатурасын басынан бастап қолдағанын айтты.null

«Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы халықаралық ұйым ретінде Еуразия құрлығының ауқымды кеңістігінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің елеулі факторына айналып, нығайды. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы біз үшін - маңызды ұйым. Беларусь сияқты біз де оны дамытуға зор үлес қостық. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Парламент Ассамблеясында белсенді жұмыс істейміз. Сіздің алдағы уақыттағы тағайындалуыңыз ұйымның әлеуетін нығайту тұрғысынан маңызды рөл атқарады», - деді Қазақстан Президенті.

Станислав Зась Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездескені үшін алғыс айтып, сайлаудағы жеңісімен және Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісуімен құттықтады.

«Қазақстан халқы Сіз сияқты жан-жақты әрі мол тәжірибесі бар мемлекет қайраткері болып қалыптасқан ақылды адамды дұрыс таңдады. Қазақстанның игілігі жолындағы барлық ісіңізге табыс тілеймін. Біз мемлекеттеріміз бен халықтарымыз арасында қалыптасқан достық қатынастарды жоғары бағалаймыз және Қазақстанның халықаралық алаңдарда, соның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымында Беларуське көрсеткен қолдауы үшін ризашылығымызды білдіреміз. Өзара пайдалы іс-қимылдарды нығайта беруге тырысамыз», - деді Станислав Зась.

Соңғы жаңалықтар