Қазақстан пандемия кезінде сұранысқа ие болған караванинг-туризм саласын дамытпақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ төрағасы Ержан Еркінбаев осы жылдың қыркүйек айында эпидемиологиялық ахуал тұрақталған жағдайда елде караванинг-экспедицияны ұйымдастырылатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Індет тарағалы бері демалудың әлеуметтік қашықтық сақталатын түрі ретінде караванинг-туризм зор сұранысқа ие болып келеді. Мәселен Қытай мен Ресейде автоүйлер мен мотоциклдерге деген сұраныс кезегінде 10 миллиондаған адам тұр. Ал Еуропада 6 миллионға жуық автокеруен бар. Осы жылдың қыркүйек айында эпидемиологиялық ахуал тұрақталған жағдайда біз караванинг-экспедицияны ұйымдастырғалы отырмыз. Оның мақсаты – кемпинг, караваниг пен автотуризмді дамыту үшін Жібек жолы бойы бағдарын қалыптастыру», - деді Ержан Еркінбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Батыс Еуропа – Батыс Қытай караванинг-экспедицияның бағдары ретінде таңдалып алынған. Экспедиция Алматы облысынан басталып, Түркістан облысында аяқталады.

Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рысбеков Алакөл мен Бурабайға демалуға баратын отбасының кем дегенде бір мүшесінде ПТР-тест анықтамасы болуы керектігін еске салған еді.

Оның айтуынша, Қазақстандағы барлық курорттық орындарда осы жылдың жазғы туристік маусымының соңына дейін бос орындар қалмаған.



Соңғы жаңалықтар