Қазақстан Палестинаға медициналық көмек көрсетті

None
None
АММАН. ҚазАқпарат – Палестина елінің Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстаннан медициналық көмек алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Палестинаның Денсаулық сақтау министрлігі осы аптада Қазақстаннан Рамалла қаласына келіп жеткен гуманитарлық көмек партиясын алғанын растады. Бұл туралы Палестинаның денсаулық сақтау министрі Май әл-Калла мәлімдеді.

Ол Қазақстан Үкіметіне COVID-19 пандемиясымен күрес жүргізуге септігін тигізетін көмегі үшін алғысын білдірді. Палестиналық тарапқа жіберілген жүк Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңеске төрағалық етуінің аясында көрсетілгенін атап өту керек. Палестинадан бөлек, Ирак пен Ауғанстан елдеріне көмек көрсетілген. Демеушісі - «HALYK» қайырымдылық қоры.

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышевтің бұған дейін атап өткеніндей, Қазақстан достастық елдеріне Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңес «Эпидемиологиялық қауіпсіздік, қоғам денсаулығын сақтау және фармацевтика» жаңа сенім шарасы аясында бөлген.

«Бұл халықаралық қауымдастықтағы өзара қолдаудың ерекше қажеттілігін танытып отыр», - деп атап өтті Ш.Нұрышев.

АӨСШК – бұл Азия мемлекеттерінде бейбітшілік, тұрақтылық және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өзара қатынастар мен аймақтық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған халықаралық форум. Бүгінде оның құрамына 27 мүше мемлекет кіріп отыр. Өткен жылдың қыркүйек айында Қазақстан ұйымның төрағасы болып сайланды.


Автор: Арсен Өтешов


Соңғы жаңалықтар