Қазақстан - Орталық Азияда НАТО-ның айрықша белсенді әрі сенімді әріптесі - НАТО Бас хатшысының ОА жөніндегі Арнайы өкілі Джеймс Аппатурай

None
None
БРЮССЕЛЬ. 9 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстан НАТО-ның Орталық Азиядағы сенімді әріптестерінің бірі болып табылады және Солтүстік атлантика альянсы Ауғанстандағы ахуалды бұдан ары қарай тұрақтандыру, лаңкестікпен, есірткі тасымалымен күрес, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында Қазақстанмен өзара іс-қимылдың қарқынын сақтауға ниетті.

НАТО Бас хатшысының Кавказ және Орталық Азия жөніндегі Арнайы өкілі Джеймс Аппатураймен арадағы сұхбат Қазақстан мен НАТО ынтымақтастығының бүгінгі таңдағы жағдайы мен болашағы жайында. - Аппатурай мырза, бүгінде Қазақстан мен НАТО-ның ынтымақтастығы қалай дамып келе жатыр? - НАТО мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық өте жақсы деңгейде дамуда. Шынында өзара қарым-қатынас әрқашан да айтарлықтай жоғары деңгейде болды. Қазақстан Орталық Азиядағы НАТО-ның ерекше белсенді әріптесі. Осы ел Жоспарлау және сараптау үдерісіне қосылды, сондай-ақ НАТО-мен әріптестік іс-қимылының жеке жоспарын іске асыруда. Сондықтан да бізде айтарлықтай дамыған екіжақты ынтымақтастық орнаған деп сеніммен айтуға болады. Сонымен қатар Қазақстан НАТО-ның Ауғанстандағы операциясы аясында тасымалданатын жүктердің транзиті саласында бізбен белсенді қарым-қатынаста. Осы тұрғыда біз қазақстандық билікке өте ризамыз. Қазақстан өте сенімді әріптес және Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыру бағытында бізде өзара қызығушылық бар. Атап айтқанда біз ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз. Мұнымен қоса, Қазақстан Ауғанстан бойынша «Ыстамбұл үдерісінде» үлкен рөл ойнауда. Биыл Алматыда «Азия жүрегі» форматында Ауғанстан бойынша «Ыстамбұл үдерісі» елдерінің сыртқы істер министрлерінің ІІІ конференциясы өткені мәлім. Осы орайда жалпы біздің әріптестік белсенді екенін ескерсек, біз өзара іс-қимылдың қарқынын сақтап қалуға үміттіміз. - 2014 жылы Ауғанстаннан негізгі халықаралық күштер шығарылғаннан кейін НАТО мен Қазақстан ынтамақтастығының бағыты өзгере ме? - Менің ойымша, Ауғанстан біздің ынтамақтастықтың ортасында қала бермек. 2014 жылдан кейін Ауғанстанда әскерлердің қатысуын НАТО сақтайтын болады. Бұл күштер ауған қауіпсіздік күштерін жаттықтыру мен оқыту шараларымен айналысып, жауынгерлік қимылдарға қатыспайды. Осыған байланысты жүк транзитінде НАТО-ның қажеттіліктері туындайды және біз осы салада Қазақстанмен ынтымақтастықты сақтауға ниеттіміз. Бізде халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, лаңкестікпен және есірткі тасымалымен күрес, сондай-ақ шекараны бекіту бойынша өзара қызығушылық бар. Менің білуімше, Қазақстан БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына қатысу мүмкіндігін қарастыруда. НАТО бітімгерлік операцияларда шетелдік бөлімшелердің бірлесіп жұмыс істеуге дайындығы тұрғысында тиісті сараптаманы жүргізу мүмкіндігіне ие. Сондықтан біз осы тектес сараптаманы Қазақстанда да жүргізе аламыз деген ойдамын. Жалпы алғанда, бізде болашақта бірлесіп жұмыс істеу үшін көптеген мүмкіндіктер бар екенін атап өткім келеді. - Қазақстанның әлемдегі ахуалды, әсіресе, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандырудағы рөлін қалай бағалар едіңіз? - Дәл осы мәселе бойынша біз бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Мен білемін, Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен халықаралық алаңда белсенді рөл ойнауға ұмтылуда. Әлемдегі жағдайды тұрақтандыруда Қазақстанның атқарып отырған рөлінің тек кейбір ғана аспектілерін атап өтейін. Мәселен, Қазақстан өзінің аумағы арқылы жүктерді тасымалдау мүмкіндігін ұсына отырып, Ауғанстандағы операцияларда НАТО-ны қолдауда. Сіздердің елдеріңіз есірткі тасымалы бойынша халықаралық күреске белсенді түрде жәрдемдесуде. Бұған қоса, Қазақстан ядролық қарудан бас тарту арқылы өте маңызды шешімді қабылдады. Республика «Ыстамбұл үдерісіне», сондай-ақ өңірдегі ахуалды қалыпқа келтіруге белсенді қатысуда. Менің көзқарасым бойынша Ауғанстандағы тұрақтылық пен қауіпсіздік, осы ислам мемлекетінің көршілес елдермен жақсы қарым-қатынастарды орнатуына, тығыз экономикалық байланыстарға, тартылатын инвестицияларға тікелей қатысты. Сондықтан «Ыстамбұл үдерісі» аясындағы күш-жігер Ауғанстандағы ұзақмерзімді тұрақтылық үшін өте маңызды. Бұл тұрғыда Қазақстан алдыңғы қатарлы рөлді ойнап отыр. - Қазақстан НАТО елдерімен өзара әрекеттесуде біздің әскердің жауынгерлік дайындығы деңгейін көтеруге мүмкіндік беретін «Дала қыраны» халықаралық бітімгерлік жаттығуын тұрақты өткізеді. ҚР Қарулы Күштерін дамытуда НАТО тағы қандай үлес қоса алады? - «Дала қыраны» өте пайдалы оқу-жаттығу. Өздеріңіз білесіздер, осы шараға көптеген натолық елдер қатысады. Осы тектес жаттығуларды тұрақты түрде өткізгені үшін ҚР Үкіметіне алғысымды айтқым келеді. Біз қазақстандық Қарулы Күштерді дамытуға қолдау жасау бағытына ерекше назар аударудамыз. Қазақстан БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына пайдалануға ниетті «Қазбаттың» дамуын қолдаймыз. Сонымен қатар Қазақстан Жоспарлау және сараптау үдерісінің қатысушысы болып табылады. Бұл бағдарлама арқылы НАТО әріптес елдердің шақыруы бойынша олардың Қарулы күштерін жақсарту жолдарын анықтауға көмек береді. Біз бұл жұмысты Қазақстанмен жүйелі түрде іске асырудамыз. Осы шаралар қазақстандық әскерді дамытуға біздің жәрдемдесу саласында айтарлықтай маңызды элемент болып табылады. -Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әскері қандай салаларда жетістіктерге қол жеткізді деп ойлайсыз? - Біздің сарапшылардың пайымынша, қазақстандық әскер үнемі жетілдірілу үстінде. Қуатты Қарулы күштерді құру - кез келген мемлекет үшін үлкен жетістік. Бұл бағытта елеулі күш-жігер қажет, оның ішінде әскерлерді оқыту, олардың инфрақұрылымы мен логистикасын және басқа да салаларын дамыту мәселелері бар. Атап айтқанда, Қазақстан осы жұмыстардың барлығын жүзеге асырды. Біздің көзқарасымыз бойынша бүгінде қазақстандық әскерді дамытуда ерекше байқалатын екі көрсеткішті атап өтуге болады. Бұлар - «Дала қыраны» жаттығуын өткізу шаралары мен «Қазбатты» дамыту жұмыстары. Қазақстан билігінің «Қазбатты» БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына пайдалану ниетінде қазақстандық әскер өзінің дамуында қалыптасу кезеңінен өтіп, енді басқаларға көмек көрсетуге дайын екенін байқауға болады. Біз бұл үдерісте Қазақстанға жәрдемдескіміз келеді. - Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар