Қазақстан өңірлерінде «TenQogam» орталықтары ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау және жұмысқа орналастыру үшін өңірлерде «TenQogam» орталықтары ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтып берді.

«2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға арналған Кәсіптер атласы жасалды және оларды жұмысқа орналастыру кезінде, оның ішінде enbek.kz порталында жұмыс іздеуді жақсарту үшін пайдалануға болады. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау және жұмысқа орналастыру үшін барлық өңірде «TenQogam» орталықтарын ашу жоспарланған. Нұр-Сұлтан мен Алматыда мұндай орталықтар психологиялық және құқықтық көмек, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсете отырып, табысты жұмыс істеуде», - деп атап өтті министр.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында Әлеуметтік қызметті одан әрі жаңғырту жөніндегі ұлттық жоспар әзірленді және жақын арада қабылданады.

«Осы шаралардың нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі 695 мыңнан астам адамның және өмірлік қиын жағдайда қалған адамдардың өмір сүру сапасы мен қызметтердің қолжетімдігі жақсарады», - деп түйіндеді Серік Шәпкенов.

Айта кетейік, 1 шілдеден бастап мүгедектікті сырттай белгілеу жобасы 6 өңірде іске қосыла бастайды.


Соңғы жаңалықтар