Қазақстан өкпені жасанды желдету аппаратын Түркия және Қытаймен бірлесіп шығармақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан түрік және қытай серіктестерімен бірге өкпені жасанды желдету аппараттарын шығаруды қолға алмақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, 6 айда өкпені жасанды желдету аппараттарына қажеттілік 132 дананы құрайды. «Көкшетау-4П» мобильдік аппараттары «Тыныс» акционерлік қоғамы базасында өндіріледі. Бүгінде 380 бірлік өкпені жасанды желдету аппараты шығарылды. Оның ішінде 164 бірлік жөнелтуге дайын, 216 бірлік зауыт сынақтарынан өтуде. Қалған 200 бірлік осы жылдың шілде айының соңына дейін тапсырылады. Стационарлық аппараттарды қосымша шығару мақсатында түрік және қытай серіктестерімен өндірісті игеру жүргізілуде», - деді министр.

Оның атап өтуінше, «БАРК Технолоджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазақстандық жоғары технологиялық жоба әзірлеуде.

«Осы жылдың шілде айының соңына дейін компания өз әзірлемелерін аяқтайды және ақысыз негізде ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне тестілеу үшін 20 аппарат береді. Қалған 112 бірлік осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында шығарылады. Айта кету керек, «Қазмедқұрылғы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «ОралМедӨңір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкпені жасанды желдету аппараттарын шығаруға барлық техникалық базасы бар және олар қажетті өнім шығаруға дайын», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Осы ретте ол фармацевтикалық саладағы мемлекеттік қолдау шараларының бірі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында ұзақ мерзімді шарттар жасасу екендігін баса айтты.

«Сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында жергілікті атқарушы органдарды отандық кәсіпорындардың өнімдеріне баса назар аударуды сұраймыз. Бұл біздің кәсіпорындарға өндірістік қуаттарды арттыруға және жаңа өндірістерді іске қосуға серпін береді», — деді министр.


Соңғы жаңалықтар