Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастарға 29 жыл толды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Күні кеше Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастарға 29 жыл толды. Есте болса, 1992 жылдың 2 наурызында екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстар орнаған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сол жылдың 21 сәуірінде Түркияның Қазақстандағы дипломатиялық корпусының басшысы болып тағайындалған алғашқы елшісі Аргун Өзпай сенім грамотасын табыстады. Осылайша, Түркия елшілігі Қазақстан тарихындағы алғашқы шетелдік дипломатиялық миссия болды.

Екі елдің дипломатиялық қатынастарының 29 жылдық тарихында жоғары деңгейдегі сапарлар да жиі болды. Атап айтар болсақ, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алғашқы ресми сапарын Түркияға жасады және елімізді Анкарадағы Елшілігін салтанатты түрде ашты. Ал түрік тарапынан Түркия Премьер-министрі Сүлейман Демирел Премьер-Министр деңгейінде Қазақстанға алғашқы ресми сапарымен келді. Одан кейін 1993 жылдың сәуірінде сол кезеңдегі Түркия Республикасының президенті Тургут Өзал Қазақстанға мемлекет басшысы деңгейіндегі алғашқы ресми сапармын жасады.

2009 жылдың қазанында Түркияға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапары барысында екі ел арасында «Стратегиялық әріптестік туралы келісімге» қол қойылса, 2012 жылдың мамырында сол кездегі Түркия Премьер-Министрі Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға сапары аясында «Жаңа синергия - бірлескен экономикалық бағдарламаның іс-қимыл жоспары» рәсімделді. Мұнан бөлек, сол жылдың қазан айында Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға ресми сапары кезінде екі ел арасындағы «Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің» алғашқы отырысы өтті.

Бүгінде Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар сауда, инвестиция, мәдениет, туризм, медицина, білім беру және әскери сынды кең ауқымды салаларда өзара тиімділік қағидасымен дамып келеді. Екіжақты қарым-қатынастардан бөлек, көпжақты платформаларда да екі бауырлас ел үнемі үйлесімділік пен ынтымақтастықта әрекет етеді. Түркі Кеңесі, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы және Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты күшейтуге арналған маңызды платформа - АӨСШК сияқты ұйымдар аясында де тығыз байланыста.


Соңғы жаңалықтар