Қазақстан мен Словения арасында салық салу құжаты мақұлданды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР Үкімет мен Словения Үкіметі арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенция мен оған Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың сөзіне қарағанда, бұл  Конвенцияны ратификациялау уағдаласушы мемлекеттердің арасында салық салу құқықтарын бөлу жолымен уағдаласушы мемлекеттердің резиденттері болып табылатын заңды және жеке тұлғалардың табыстарына қосарланған салық салуды жоюға мүмкіндік береді.

«Екіншіден, инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасау арқылы Қазақстан мен Словения арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, кеңейтуге жол ашады. Үшіншіден, екі мемлекеттің құзыретті органдары арасында салық мәселелері бойынша ақпарат алмасу арқылы салықтан жалтаруларды болдырмау мәселелерін шешуге көмектеседі. Конвенцияның жекелеген баптары уағдаласушы мемлекеттерде қызметтерін жүзеге асыратын әртістердің, спортшылардың, мемлекеттік қызметшілердің, студенттердің табыстары мен өзге де төлемдеріне салық салудың айқын тәртібін көрсетеді»,-деді министр заң жобасы бойынша баяндама жасау барысында.

 Словениямен өзара сауда туралы статистикалық деректерге тоқталған Сұлтанов, Қазақстан мен Словения арасындағы тауар айналымы соңғы 10 жылда 1,23 млрд. АҚШ долларын, оның ішінде 2015 жылы 93,1  млн. АҚШ долларын құрағанын жеткізді. Феррохром, ферросилиций қазақстандық экспорттың негізгі көздерінің бірі  болып табылады. Импорт құрылымында дәрілік заттар мен қара металдан жасалған металл конструкциялары басымдыққа ие.

Қазақстан Республикасына Словениядан инвестициялар соңғы 10 жылда 15,8 млн.  млн. АҚШ долларын, оның ішінде 2015 жылы 4,2 млн. АҚШ долларын құрады.

Соңғы жаңалықтар