Қазақстан мен Швейцария Президенттері қандай мәселелер қозғады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Қазақстан үшін Швейцария саяси тұрғыда Еуропадағы өте маңызды серіктес. Бұл туралы бүгін Ақордада елімізге ресми сапармен келген Швейцария Конфедерациясының Президенті Ули Маурермен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен, Швейцария Конфедерациясының Президенті Ули Маурерге Қазақстанға ресми сапармен келгені үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Маурер мырза бұған дейін біздің елімізге Қаржы министрі кезінде бірнеше рет келген болатын. Енді Президент ретінде алғаш рет келіп отыр. Біз Ули Маурер мырзаның Қазақстан мен Швейцария арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Швейцария басшысымен кең ауқымды әрі мазмұнды келіссөздер жүргізгенін жеткізді. Кездесу өзара сенім және түсіністік рухында өтті.

«Біз Қазақстан мен Швейцарияның мол мүмкіндіктерін пайдаланып, серіктестікті одан ары нығайтуға мүдделіміз. Бүгінгі жүздесу соның жарқын дәлелі. Өзара ынтымақтастықты дамыту достас халықтарымыздың ұзақ мерзімді мақсаттарына сай келеді деп сенемін. Саяси тұрғыда Қазақстан үшін Швейцария Еуропадағы өте маңызды серіктес», - деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазіргі таңда екі елдің жоғары деңгейдегі байланыстары табысты дамып келе жатқанын айрықша атап өтті.

«Бұл орайда Ули Маурермен ойымыз бір жерден шықты. Сонымен қатар кездесу кезінде алдағы бірлескен жұмыстардың негізгі бағыттарын айқындадық»,- деді ҚР Президенті.

Соңғы жаңалықтар