Қазақстан мен Ресей Астрахань мен Оралдағы консулдық статусын көтерді

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Ресей сыртқы саяси ведомстволарының басшылары халықаралық және аймақтық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, сондай-ақ екі елдің Астрахань және Орал қалаларындағы консулдықтарының статусын көтеруге келісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Мәскеу қаласына жасаған сапары барысында ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен екі жақты кездесу өткізді. Тараптар саяси және экономикалық салалардағы екі жақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын талқылап, халықаралық күн тәртібінің маңызды мәселелері бойынша позицияларын екшеді және аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күреске бағытталған күшті үйлестіруге қызығушылық білдірді.

Министр М.Тілеубердінің кездесу қорытындылары бойынша мәлімдеуінше, екіжақты және көпжақты стратегиялық серіктестіктің барлық маңызды мәселелері талқыланды, соның ішінде БҰҰ Бас ассамблеясының 75-жылдығы қарсаңында, сондай-ақ елдердің халықаралық және аймақтық ұйымдардағы жұмысы жайлы мәселелер ортаға салынған.

«Біз сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтасты талқыладық. Қазіргі кезде Қазақстан Көкшетау қаласында кезекті Аймақаралық ынтымақтастық форумын өткізуге дайындалуда. Біздің шекара маңындағы өңірлеріміз ынтымақтастықтың жаңа жолдары мен болашағын талқылай алады деп ойлаймын», - деп атап өтті М.Тілеуберді.

Коронавирусқа қарсы ресейлік вакцинаның Қазақстанға жеткізілуі туралы сұраққа жауап берген М.Тілеуберді тамыз айының соңында Ресей тікелей инвестициялар қорымен жеткізілімдердің кепілдендірілген көлемі туралы меморандумға қол қойылғанын хабарлап, Қазақстанда да вакцина әзірленіп, оны өндіріске қосу келесі жылдың ақпан айынан жоспарланып отырғанын еске салды.

Жалпы алғанда, тараптар министрліктер арасында өзара ықпалдастықты одан әрі ілгерілетуге өзара ниетін растап, қазақстандық-ресейлік қатынастардың дәстүрлі жоғары деңгейін атап өтті.

Бұл тұрғыда биылғы жылдың күзінде Көкшетау қаласында екі ел басшыларының қатысуымен өтетін Аймақаралық ынтымақтастық форумының маңыздылығы атап өтілді. Кездесу қорытындылары бойынша ҚР мен РФ-да тиісінше Астрахань және Орал консулдықтарын Бас консулдықтар дәрежесіне дейін көтеру туралы келісімге қол қойылды.




Соңғы жаңалықтар