Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында ірі сауда орталығы салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өзбекстанмен шекарада «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының құрылысы басталады. Бұл жайында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жақын арада біз оңтүстік бағытында ауқымды сауда жобасы – Өзбекстанмен шекарада «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының (ХСЭЫО) құрылысын іске асыруға кірісеміз. Бұл туралы бұдан екі жыл бұрын Мемлекет басшылары деңгейінде уағдаластыққа келген болатынбыз. Ал нақты шараларды біз әріптесіміз – Өзбекстан Республикасының Инвестициялар және сыртқы сауда министрі Сардор Умурзаковпен талқыладық. Наурыздағы әйелдер мерекесіне қарамастан бiз онымен келешек ХСЭЫО орны – «Жібек Жолы – Гишт Куприк» шекара бекетінде кездестік», - деп атап өтті Бақыт Сұлтанов.

Оның айтуынша, ХСЭЫО – Орталық Азия елдерімен сауда ынтымақтастығымыздың маңызды элементі. Мұнда тек көтерме-бөлшек сауда нысандары мен олардың инфрақұрылымы ғана салынып қоймай, сондай-ақ маңызды көлік-логистикалық орталық та құрылады.

«Әлемдегі экономикалық тұрақсыздық, бағаның төмендеуі, коронавирустың халықаралық саудаға қатері, туризмнің бәсендеуі жағдайында көршілермен сауданы қарқындату- дағдарыс құбылыстарын бірге жеңудің ең оңтайлы тәсілі. Бүгінде Орталық Азия - 71 млн адамнан астам халқы бар серпінді өңір. ОА-да ішкі аймақтық еңбек бөлінісі үшін үлкен мүмкіндіктер бар, өңір елдері бір-біріне тиімді өткізу нарығы саналады. Және біздің елдеріміздің қазірдің өзінде өзара белсенді ынтымақтастық жасауының да маңызы зор», - деді министр.

Б.Сұлтанов дерегінше, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Орталық Азия елдерімен тауар айналымы 5,1 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте Өзбекстан өңірдегі ірі сауда әріптесі саналады. Қазақстанның өңірмен өзара саудасының 60 пайыздан астамы аталған елдің үлесіне тиесілі. Өзара сауданың өсу қарқыны 2017 жылдан бастап жалғасуда және орта есеппен 30,7 пайызды құрайды. Өзара сауда өткен жылы төрт миллиардтық шектен асып, бес миллиардқа жақындап қалды.


«Сондықтан ХСЭЫО құру - елдеріміздің экономикалық кооперациясын одан әрі күшейтуге әсер етеді және «Оңтүстік-Солтүстік, Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің маңызды жобаларының бірі болып табылады. Ол өңірден басқа елдерге бағытталған үлкен тауар құбырының бір бөлігі болмақ. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта Қазақстанда көтерме-тарату орталықтары мен агро-логистикалық орталықтар желісін қамтитын тауар өткізу жүйесін құру жұмысы жүргізілуде. Осыған ұқсас инфрақұрылым көрші Өзбекстан мен Қырғызстанда да құрылуда. ХСЭЫО жобасын іске асыру Қазақстан үшін оңтүстікке қақпа ашып қана қоймай, осы мемлекеттердің үшінші елдерге, бірінші кезекте Ресейге, Еуропа мен Қытайға тауарларды бірлесіп экспорттаулары үшін бірыңғай тетік құруға мүмкіндік береді. Өйткені, ХСЭЫО-ға өте жақын маңда 2 ірі агломерация – Шымкент пен Ташкент орналасқан. Тікелей жақын жерде ірі және дамыған инфрақұрылымдық тораптар – Сарыағаш темір жол стансалары, «Жібек Жолы» халықаралық өткізу бекеті, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолы да бар», - деп атап өтеді Бақыт Сұлтанов.


Соңғы жаңалықтар