Қазақстан мен Өзбекстан қуатты экономикалық кеңістік құра алады – Өзбекстан елшісі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көптеген сарапшылардың пікірінше, Өзбекстан мен Қазақстан қарым-қатынастың жаңа кезеңіне қадам басып келеді. Соның арқасында Орталық Азияда жаңа экономикалық кластерлер құрылып, өңірдің экономикалық қуаты артуы мүмкін. Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі Саидикрам Ниязқожаев «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың негізгі даму бағыттарын атады.

- Құрметті елші мырза, Сіз Өзбекстан мен Қазақстан арасыендағы қарым-қатынастарды қалай сипаттар едіңіз?

- Алдымен «ҚазАқпарат» агенттігінің қалың аудиториясына амандық тілеймін. Елдеріміздің басшылары – Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Миромонович Мирзиёевтің сенімді қарым-қатынасы екі мемлекет арасындағы қатынастарды, стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге шығарды. Достық, одақтық қатынастардың жаңа беті ашылды. Екі мемлекет лидерлері екіжақты қатынастарды одан әрі тереңдетулің іргесін қалады.

Мұны ынтымақтастықтың барлық бағытынан көруге болады. Соңғы 2 жылда қарым-қатынастарымыз айтарлықтай жандана түсті. 2017 жылы Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға алғаш рет сапармен келді. Кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен Өзбекстанға барды. Сол кезде 2018 жылды Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жариялау туралы келісімге қол жеткізілді. Ал 2019 жыл Өзбекстанда Қазақстан жылы деп жарияланды.

2018 жылы өткізілген 200-ге жуық іс-шара тек мәдени-гуманитарлық саланы ғана емес, ынтымақтастықтың барлық саласын қамтыды. Соның ішінде саяси, сауда-экономикалық салалар, қауіпсіздік мәселелері, мәдениет, ғылым-білім, т.б. Өз басым өңіраралық ынтымақтастықты айрықша атап көрсеткен болар едім.

Бұдан тыс, былтыр екі ел бизнесмендерінің іскерлік кеңесінің алғашқы форумы, сондай-ақ алғашқы өңіраралық форум өтті. Көптеген кәсіпкерлер арасында жалпы сомасы 2 млрд доллардан асатын келісімдер жасалды. Бұл керемет көрсеткіш. Екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты да ерекше атап өтемін.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы мемлекеттік сапарын Ташкентке жасағанын өзбекстандықтар жақсылықтың белгісі деп қабылдады. Сол оқиға ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы негізін қалаған саясатты жалғастырып, әрі оған тың серпін берді.

Биыл біз үкіметаралық комиссияның 18-отырысын өткіздік. Кездесулер барысында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қатынастардың нығайып келе жатқаны байқалды. Комиссия отырысының деңгейі үкіметтер басшыларына деійн көтерілді. Қазақстанда өзбек бизнесмендерінің қатысуымен инвестициялық жобаларды іске асыру туралы 7 құжатқа қол қойылды.

2019 жылдың алғашқы жартысы қарқынды басталды. Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның Өзбекстанға сапары кезінде Өзбекстанда Қазақстан жылы ашылды.

- Өзбекстандағы Қазақстан жылы туралы толығырақ айтсаңыз…

- Жалпы, Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында 200-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланған. Өзбекстандағы Қазақстан жылын атап өту жол картасында мәдени-гуманитарлық саладағы 80-ге жуық іс-шара белгіленді.

Осы жол картасын Президентіміз құрметті Шавкат Мирзиёев бекітті. Біріншіден, Өзбекстанда Қазақстан ғылымы мен білімі апталығы өткізілді. Оның аясында Қазақстанның түрлі жоғары оқу орындарының басшылары біздің елге барды.

Шымкент театры Өзбекстан Республикасының түрлі өңіріне гастрольдік сапарларын ұйымдастырды. Үшіншіден, меніңше, ең маңызды шара «Астана Опера» театрының Өзбекстанға сапары болды. Қазақстанның министрлері, түрлі департаменттерінің басшылары және іскерлік орта өкілдері Өзбекстанға барды. 200-ге жуық кәсіпкердің қатысуымен ірі бизнес-форум өткізілді, бірнеше келісімшарттарға қол қойылды.

Алматыда туризмге арналған халықаралық шара өткізілді. Онда Өзбекстанның туристік операторлары қазақстандық әріптестерімен 80-нен астам келісім жасасты.

Біздің тарихымыз өте бай. Ортақ тарихымыз. Жастар міндетті түрде өз тарихын білуі, Өзбекстандағы, Қазақстандағы тарихи орындарға баруы тиіс. Қазір көпшілік киелі жерлерге тәу ету үшін Ташкент, Самарқант, Бұхара, Науаи облыстарына барады. Ал Өзбекстан азаматтары Түркістан мен Арыстан бабқа, Алматы мен Нұр-Сұлтанға саяхаттайды. Былтыр Өзбекстанға 2,3 млн қазақстандық турист барып, Өзбекстаннан Қазақстанға 2,5 миллионнан астам адам саяхаттаған.


- Сіз екі елдің тарихи даму ерекшелігін, ортақ мәдениетін, тұтас тамыры мен көрші екендігін атап көрсеттіңіз. Екі елдің арасындағы қарым-қатынастарды бауырластық әрі стратегиялық деп атауға бола ма?

- Олар әрі бауырластық, әрі стратегиялық қатынастар деп сеніммен айта аламын. 2017 жылы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен Өзбекстанға барды. Біздің стратегиялық, одақтастық қатынастарымызды кеңейту туралы бірнеше қосымша келісімдерге қол қойылды.

Осыған тарихи тұрғыда баға берер болсақ, біз - бауырлас халықпыз. Біздің тарихымыз, тамырымыз бір, оған ешкім дау айта алмайды. Бүгінде өзбекстандықтар Қазақстанның қысқа мерзім ішінде Тұңғыш Президент – Елбасының арқасында қол жеткізген жетістіктерін мақтан етеді. Бұдан бөлек, Қазақстанның саяси аренасында болған маңызды оқиға – Президент сайлауы қазақстандықтардың саяси тұрғыда кемелденгенін көрсетті.

Сайлауда Өзбекстаннан 50-ден астам бақылаушы болды. Олардың қатарында ТМД, ШЫҰ, ЕҚЫҰ және депутаттық корпус өкілдері бар. Сондай-ақ Өзбекстан ОСК төрағасы да сайлау учаскелерін барып көрді. Ешбір жерде өрескел ереже бұзу оқиғалары байқалған жоқ. Қазақстандағы сайлау ашық, демократия және заң шеңберінде өткізілді.

Еске сала кетейік, Қазақстанда 10 мыңға жуық өзбекстандық студент білім алады. Осының өзі де біздің достық, стратегиялық әрі сенімді қарым-қатынастарымызға айғақ. Елде Өзбекстан азаматтарының алаңсыз тұруына, оқуына, жұмыс істеуіне, келуіне барлық жағдай жасалған. Біздің елде де ұлты қазақ азаматтарымызға барша жағдай жасалған. Мектептер, тіл орталығы бар.

- Қол жеткен жетістіктерге қарамастан, экономиканың қай салаларындағы ынтымақтастықты күшейту қажет деп санайсыз?

- Бүгінде біздің алдымызда жылдық тауар айналымын 5 млрд долларға жеткізу міндеті тұр. Бұл үлкен көрсеткіш, дегенмен осы мақсатқа жету үшін бүкіл мүмкіндіктер бар.

Автомобиль жасауда ерекше жоба дамытылуда. Жуырда біз «Равон 3» және «Равон 4» автомобильдерін таныстырдық. Бұлар «Қазақстанда жасалған» брендімен шығарылады. Бұл қол жеткен келісімдерге сәйкес іске асырылған Өзбекстан-Қазақстан жобасы.

Тоқыма кешені дамытылады. Екі тарап та мақта өсірумен қатар оны өңдеп, дайын өнім шығаратын өндіріс жасауға ниетті. Агроөнеркәсіп кешеніндегі ынтымақтастықтың да мүмкіндіктері зор. Біздің өңірлердің климаттық жағдайлары қажетті ауыл шаруашылық дақылдарын өсіруге мүмкіндік береді, егер бірлескен кәсіпорындар салсақ, үшінші нарыққа шыға аламыз.

Ынтымақтастықтың бағыттары аз емес. Оның арасында азық-түлік өнімдерін өңдеу, мал шаруашылығы, балық шаруашылығы, құс шаруашылығы бар. Агроөнеркәсіп кешенінің 17 бағыты бойынша да бірлесе жұмыс атқаруға мүмкіндіктеріміз бар. Бұдан бөлек, ғылыми ынтымақтастықтың да болашағы бар.

Сонда да туризм мәселесіне ерекше тоқталғым келеді. Біздің елдерге туристер ағынын еселеп арттыратын туристік кластер, туристік бағдарды құру қажет. Жібек жолын зерттеу үшін Өзбекстанға келетін адамдар Қазақстанға да ат басын бұруы тиіс деп санаймын. Сонда ғана тарихи жолдың толық келбеті ашылады.

Тура сол сияқты, Қазақстанға келген туристер Өзбекстанға да барсын. Осы мақсатта шартты түрде «Алтын шаршы» деп аталатын жобаны қарастырып жатырмыз. Мәселен, Ресейде «Алтын сақина» бар ғой, біздің «Алтын шаршы» жуық арада іске асады деп үміттенеміз.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтаннан Ташкентке аптасына 6 рейс ұшады. Қазақстанның ұлттық тасымалдаушысының рейстері. Өзбекстаннан да тура сонша рейс ұшып шығады. Бұдан бөлек, Алматы-Ташкент, Ташкент-Алматы бағытында 10-ға жуық рейс қатынайды.

Бұдан тыс, Ташкент – Алматы – Нұр-Сұлтан теміржол бағдары ашылды. Ташкенттен тура Нұр-Сұлтанға тартатын 8 автобус бағдары жүріп тұр. Қайталап айтамын, Қазақстан мен Өзбекстанның экономикасы бір-бірін толықтырып тұрады. Біз бірлесіп Орталық Азия аумағында қуатты экономикалық кеңістік құра аламыз.

- Сарапшылардың арасында бүкіл Орталық Азияның болашағы Қазақстан мен Өзбекстанның саясаттағы, экономикадағы ынтымақтастығының сапасы мен деңгейіне байланысты деген пікір басым. Сіз осыған келісесіз бе?

- Толық келісемін, өйткені бүгінгі таңда жоғары нәтижелерге жалғыз жүріп жету мүмкін емес. Оның үстіне елдеріміз, халықтарымыз бұрыннан достықты қадірлеп келеді. Біздің тарихи тамырымыз ортақ. Уақыт факторына қарасақ, 90-жылдардың басында Өзбекстанның экономикасы қандай болды дағы, Қазақстанның экономикасы қандай еді?

Мынаны анық айта аламын, Қазақстанның экономикалық моделі посткеңестік кеңістіктің бәріне үлгі. Біздің Өзбекстанда көптеген салалар дамып келеді, демек біз бірлесіп қосымша жұмыс орындарын ашу, жаңа өндірістерді іске қосу, ноу-хауларды пайдалану, технологияларды енгізу сияқты экономикалық мәселелерді шеше аламыз. Екі ел арасындағы жақын, сенімге негізделген қатынастар Орталық Азия өңірінде жаңа саяси, экономикалық ландшафт құруға мүмкіндік береді.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Автор: Арнұр Рахымбеков

Соңғы жаңалықтар