+7 (701) 759 90 19
USD 443.50 EUR 479.47
RUB 5.79 CNY 62.51
Jańalyqtar

Қазақстан мен Өзбекстан кинематографтары Қожа Ахмет Ясауи жайлы кино түсіреді -Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

2019 жылғы 28 желтоқсан 10:07
Бөлісіңіз:
Қазақстан мен Өзбекстан кинематографтары Қожа Ахмет Ясауи жайлы кино түсіреді -Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақтың байырғы тері шаңғысы Олимпиада ойындары өтетін шаңғы базасында таныстырылды - «Алтай ақпарат» сайты

Қазақтың байырғы тері шаңғысы Қытайдың Жаңжяку қаласында өткен шаңғы спортына арналған дәстүрлі мерекелік іс-шарада таныстырылды, деп жазады altxw.com сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындары Қытайдың Чұңли фулұң шаңғы базасында өтеді. Осы жерде ұйымдастырылған шаңғы спортына арналған халқаралық мерекелік іс-шараның ашылу салтанатында өзіндік ерекшелгі бар 16 шаңғы түрі жұртшылыққа көрсетілген. Шарада жылқы терісімен табандалған қазақ халқының байырғы дәстүрлі тері шаңғысы да таныстырылған.

«Бұл дүбірлі халқаралық шараның ашылу салтанатында тау беткейінен баяу сырғанап түскен шаңғышылар шеруінде, 4 мың шақырым алыстағы Алтайдан жеткен шаңғышылар тобы жұрттың ерекше назарын аударды. Олар қазақтың ұлттық киімдерін киіп, қолдарына «Адамзаттың алғашқы шаңғы мәдениеті пайда болған жер» деген жазуы бар плакат ұстап шыққан. Бұл осы жолғы шараның ашылу салтындағы ең бір әсем және әсерлі көрініске айналды. Ғалымдар Алтай жеріндегі шаңғы тебу бейнеленген жартас суретін зерттеп, оны 10 мың жылдың алдындағы жәдігер ретінде мойындаған. Содан кейін 2007 жылы «Алтай тауы ең байырғы қар шаңғысы мекені» деп Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген», - деп жазады «Алтай ақпарат» сайты.

Естеріңізге сала кетейік, қазақ халқының тері шаңғысы ең көне қар шаңғының бір түрі. Таулы жерде көлік қатынасы қолайсыз болғандықтан, қазақтар тері шаңғыны кеңінен пайдаланған. Бұл шаңғының өзегін қайың мен қарағай ағашынан жасап, сыртын жылқы сирағының терісімен қаптайды. Шаңғы орнынан қозғалып, екпін алу үшін бір таяқты ғана қолданған. Басқа қар шаңғыға қарағанда, теріден жасалған шаңғының өзіндік ерекшелігі - өрге шыққанда тері жүніне қарсы бағытта болғандықтан, биіктен артқа сырғып кетпейді. Таудан төмен сырғанағанда бір бағытта жығылған тері жүніне бағыттас болғандықтан, жылдамдығы басқа қар шаңғылардан тез болған.

Қазақстан мен Өзбекстан кинематографтары бірлесіп Қожа Ахмет Ясауи жайлы кино түсіреді - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Орталық Азиядағы сопылық поэзияның негізін қалаушы, түркі тілінің сақталуына зор үлес қосып, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазына айналған ұлы тұлға Қожа Ахмет Ясауи жайлы Өзбекстан мен Қазақстан бірігіп кино түсіретін болды, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Бұл жөнінде «Өзбеккино» Ұлттық агенттігінде болған Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен «Өзбеккино» Ұлттық агенттігінің Бас директоры Фирдавс Абдухаликовтың кездесуінде мәлім болды. Сондай-ақ кездесуде, екі елдің арасындағы кино майталмандарының байланысын арттыру, бірлесіп үлкен жобаларды жүзеге асыру және келер 2020 жылда Қазақстанда «Өзбек киносы күндерін» өткізу жайлы келісім жасалды. Ақтоты Райымқұлованың Өзбекстандағы сапары аясында Өзбекстанның «Жібек жолы» халықаралық университеті мен Қазақстан Республикасының «Туризм және қонақжайлылық» халықаралық университеті арасындағы желілік серіктестік құру туралы меморандум келісімі орнады», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Айман Бекболатқызы «Owlypia-2019» халықаралық сайысында үздік атанды - kaznews.mn

Баян-Өлгий аймағының оқушысы Айман Бекболатқызы «Owlypia-2019» халықаралық сайысының онлайн нәтижесінде үздік үштіктен көрініп, 2020 жылы маусым және шілде айында АҚШ пен Ұлыбританияда өтетін ақтық сынға жолдама алды, деп жазады Моңғолияның KAZNEWS ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, 11 мен 14 жас аралығындағы оқушылар екі түрлі санатқа бөлініп, пәнаралық тест тапсырған. Берілген тақырыптарға сай, викториналық сұрақтарға жауап беріп, эсселер жазады. Жасөспірімдердің инновациялық білімін дамытуға арналған байқау тек ағылшын тілінде өткен.

Қазақстан «Байқоңырдағы» 11,6 мың гектар аумақты қайтарып алады - TRT

Қазақстан Ресейге жалға берілген Байқоңыр ғарыш кешенінен 11,6 мың гектар аумағын қайтарып алады, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойғаны хабарланды. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министірлігінің бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров қайтарылатын жер учаскелеріне республикалық маңызы бар нысандар салынатынын білдірген болатын. Сапаров жердің қайтарып алынуының базаның жылдық жалға алу сомасына әсер етпейтінін айтқан еді», - деп жазады TRT.

Ташкентте Өзбекстан мен Қазақстан ғалымдары қатысқан халықаралық конференция өтті - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Ташкентте өткен конференция 2018-2019 жылдар аралығындағы Өзбекстан мен Қазақстанныңбірлесе жүзеге асырған «халықаралық қазақ-өзбек ғылыми-зерттеу жобалары» жайлы болды, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, осы жобалар аясында «Дешті қыпшақ» даласында құрылып қазірге дейін жойылып кеткен тарихи қалалар мен сақталып қалған кесенелер туралы сөз болды. Сондай-ақ, хандықтардың қалыптасу кезеңінде орын алған соғыстар туралы және хандықтан кейінгі дәуірдің дамуы, түрлі этностық топтардың таралуына байланысты көшпенді халықтың отырықшылыққа қалыптасуы жайлы ауқымды зерттеу жасаған белгілі қазақстандық және өзбекстандық ғалымдар өз зерттеулері жайлы баяндама жасап Орталық Азияның тарихына қатысты қызықты деректермен бөліскен.

Екі жыл көлеміндегі ғылыми-зерттеулерлер Орталық Азияны зерттеу халықаралық институты мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған.

«Аталған халықаралық конференцияға, Өзбекстандағы Қазақстан Республикасы елшісінің сенімді өкілі, ЮНЕСКО бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Комиссиясы Бас хатшысы Анар Дутбаева, Қызылорда облысы Мәдениет басқармасы басшының орынбасары Абуова Мейрамкүл, Орталық Азияны зерттеу халықаралық институты директоры Дмитрий Воякин қатысты. Жиналыста Алимова Дилором «Әмір Темір және Темуридтер дәуірінің тарихы», Бауыржан Байтанаев «Қасиетті Ұлытау» жайлы, К. Жетібаев «Ұлы Жібек жолындағы Ортағасырлық Сығанақ қаласы», А. Кубатин «Тарихта Орта Азиядағы түркі халықтарының мемлекеттілік тарихындағы Шыңғысидтердің ортақ мұрасы» жайлы, т.б ғалымдар өз зерттеулері жайлы баяндама жасады», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Қазақстан тұңғыш рет Қытайға көп мөлшерде жүгері экспорттады - «Жэньминь жибао» (People Daily)

Қазақстаннан 23-ші желтоқсан күні 1000 тонна жүгері тиеген жүк пойызы «Қорғас» кеден бекеті арқылы өтіп, Қытайдың Үрімжі қаласына келді, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты.

«Қазақстан тұңғыш рет Қытайға көлемді жүгері экспортын жасады. Жүгері өнімі Қазақстанның Алматы облысында өсірілген. Жергілікті ауыл шаруашылық-кәсіпорындарының мәліметінше, Алматы облысы биылғы жылы жүгері егілген жер көлемін 80 мың гектарға жеткізіп, 550 мың тонна өнім алған. Бұрындары Алматы облысы жүгеріні тек жүк көлгімен Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдеріне шығарып келген», - деп жазады People Daily.

Қазақстан Бішкекке Аралды құтқару қорының жұмысын қайта жаңғыртуды ұсынды - TRT

Қазақстанның Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Бішкекке Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) жұмысын қайта жаңғыртуды ұсынды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Мырзағалиев Арал теңізін құтқару үшін 1993 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан арасында құрылған ХАҚҚ-ның жұмыстары жөнінде баспасөз мәслихатын өткізді. Қордың белсенді істер атқарғанын білдірген министр тек Бішкектің 2015 жылдан бастап, өзінің ХАҚҚ пен оның органдарына қатысуын шектегенін айтып, мұның қор жұмыстарында қиындық тудырғанын атап өтті. Министр: «Бір апта бұрын Бішкекте әріптестерім және үкімет мүшелерімен кездестім. Қырғызстанға Халықаралық Аралды Құтқару Қоры шеңберінде ынтымақтастықты жандандыруды ұсындық» деді», - деп жазады TRT.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Қандастар, БАҚ,
Бөлісіңіз:

Автор:

Бақытжол Кәкеш

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT