Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы заңсыз көші-қонмен күрестің қадамдары айқындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келісімге 2019 жылы сәуірде Ташкент қаласында екі ел сыртқы істер министрлері қол қойды. Келісімді ратификациялау көші ағындарын реттеу, азаматтардың мәселелерін шешу және заңсыз көші-қон желілерін анықтау үшін қолайлы жағдайлар жасайды.

«Осы келісім қос азаматтыққа және заңсыз көші-қонға қарсы күрес жүргізуде ерекше орын алады, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Келісімге сәйкес, Өзбекстан азаматтарының төлқұжаттарын жолдау тәртібі реттелген. Енді қандастарымыздың Өзбекстан елшілігіне барып, төлқұжаттарын тапсыруы және консулдық төлем төлеуі қажет емес болады. ҚР Конституциясының 10-бабы үшінші тармағына сәйкес, республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды. Өзбекстан Республикасы да қос азаматтыққа жол бермейді», - деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.

Оның сөзіне қарағанда, өзбек тарапы келісімді ратификациялау тәртібін аяқтады.

«Осы құжатты қабылдау азаматтық мәселелер бойынша ақпаратпен алмасу, қос азаматтық және заңсыз көші-қонға қарсы күресте туындаған мәселелерді реттеуге мүмкіндік береді», - деді министрдің бірінші орынбасары.

М. Қожаевтың айтуынша, 2014 жылдан бері осындай 14 келісім әзірленді. Оның ішінде бірқатарына қол қойылды, яғни Қырғызстанмен, Тәжікстанмен, Өзбекстанмен, Беларусьпен бекітілді. Сонымен қатар, биыл Армениямен арада тиісті құжатқа қол қою жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар