Қазақстан мен Өзбекстан арасында жаңа әріптестік байланыс кеңістігі пайда болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Өзбекстан арасында жаңа әріптестік байланыс кеңістігі пайда болады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне Әлемдік экономика институтының саясаткері Жұмабек Сарабеков әңгіме барысында айтты.

«Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әріптестік байланыстың жаңа мүмкіндіктері ашылып отыр. Президент Шавкат Мирзиеевтың Астанаға ресми сапармен келуі барысында бір миллиард доллар көлеміндегі келісімге қол қойылды. Бұл мәміле - қос ел арасындағы ынтымақтастықты ары қарай нығайтудың жаңа кезеңі. Келешекте екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас нығая түсетініне сенімдімін.

Бұдан бөлек, су қоры жөніндегі келісім де оң шешімін тапты. Аталған сала бойынша әріптестік байланыс жалғаса бермек. Бұл ретте Өзбекстан Президентінің тағы бір сөзіне мән беру керек. Ол Қазақстанның 2018 жылдың қаңтарына дейін БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшесі ретінде төрағалық ететіндігін атап өтті. Мирзиеев төрағалық ету мерзімінде Ауғанстан мәселесіне Қазақстанның көңіл бөлетіндігіне сенім білдірді. Бұл қос ел арасындағы аумақтық қауіпсіздікті нығайтуға    да ықпал етеді», - дейді Сарабеков.

Саясаткердің айтуынша, Ташкенттің көршілік қарым-қатынасты нығайтуы Қазақстан мен Өзбекстанның әріптестік байланысының мықты болуына әсер етеді. Сондай-ақ, Сарыбековтің пайымдауынша, Өзбекстанның еуразиялық интеграцияға араласуы жөнінде айту әлі ерте. Қазіргі уақытта Ташкент тек Қазақстанның нарығына кіруді көздеп отыр. Президент Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Өзбекстан нарығы да қазақстандық кәсіпкерлер үшін ашық болады. Бұл сөзсіз еліміздің экономикасына оң әсерін тигізетін фактор. 

Соңғы жаңалықтар