Қазақстан мен Қытайдың логистикалық тиімділігі 75 пайызға өсті- Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

8 миллион жылдық жануар қалдықтары табылды TRT


Түркияның Денизли провинциясында 8 миллион жыл бұрын өмір сүрген жануарлардың қалдықтары табылды. Бастапқы мәліметтер бұл аймақта 15 түрлі жануар түрі бар екенін анықталды, деп хабарлайды «Түркия Радио Теледидар» ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Тавас ауданындағы қазба жұмыстар кезінде піл, мүйізтұмсық, керік, жылқы, бөкен, қарақұйрық, және құмырсқа жегіш сияқты жануарларға қалдықтары табылған.

Алдағы уақытта зерттеу жұмыстарының толық қорытындысы шықпақ. Қазба қалдықтарының шамамен 8 миллион жылдық екені және аймақтағы зерттеулердің жалғасып жатқаны белгілі болды.

Қазақстан мен Қытай арасындағы туризм саласын дамыту қаралды - CNR


Апта соңына қарай қытайлық БАҚ-та осындай тақырыптағы ақпарат жарияланды.

ҚХР Мәдениет және туризм министрі Ху Хыпиң 24 маусым күні Бейжіңде Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Нұрышевпен кездесті. Екі тарап өзара өзара ынтымақтастықты құруды жеделдету сияқты тақырыптар бойынша пікір алмасты, деп хабарлайды Қытайдың CNR ақпараттық порталы.

Ш.Нұрышев жақын уақытта екі ел арасындағы тұрақты авиарейстер қайта ұша бастайтынын және онымен адамдар байланысының белсенді бола түсетінін айтқан. Сонымен қатар екіжақты диалогты жандандырудың қажеттігіне назар аударған. Қазақстан елшісі Қазақстанда және Қытайда өзара мәдени орталықтарды құру бұл бағыттағы екіжақты қатынастың дамуына серпін беретінін тілге тиек еткен.

Қазақстандық дипломат Қытай министрін Қазақстанның туристік мүмкіндіктері және ҚР Үкіметінің Туризм саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша шараларымен таныстырған.

«Нұрышев Қазақстанның туризмін дамытудың «2025 жылдан бұрын саяхат кәсібін дамытудың мемлекеттік жобасын» атқару үшін қолданған шараларын таныстырды. Сондай-ақ ол Қазақстан Қытай азаматтарына 14 күндік визасыз жүру түзімін атқаруды жоспарлап отыр», деп жазады Қытайдың «Орталық халық радиосы» басылымы.

Айта кетейік, ҚХР Мәдениет және туризм министрі Қазақстан Үкіметінің елдің туристік әлеуетін дамыту бойынша қабылдап жатқан шараларын жоғары бағалады, сондай-ақ қытайлық тараптың мәдениет орталықтарын өзара құруға дайын екенін білдірген болатын.

Қазақтың ұлттық «Ортеке» биі ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізіледі - «ӨзА»


Қазақтың ұлттық биі - «Ортеке» ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізіледі. Бұл туралы осы аптада Өзбекстанның «ӨзА» ақпарат агенттігі де «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасап хабарлады. Ондағы дерекке сай, сарапшылар комиссиясы 2019 жылы ұлттық биді ЮНЕСКО тізіміне енгізу туралы ұсыныс жасаған болатын.

Айта кету керек, қандай да бір мұраны аталған ұйымның тізіміне енгізу үшін қатысушы ел бірқатар талаптарды орындауы керек. Ең алдымен мемлекет таныстыру бейнеролигін ағылшын және француз тілдерінде түсіріп ЮНЕСКО-ның бас штабына ұсыныс жолдайды. «Ортеке» биін Үкіметаралық комитет қарауына 2019 жылы ұсынылған болатын. Дегенмен оны ЮНЕСКО тарапынан ілгерілету процессі биыл ғана басталған.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі бұл туралы мәлімдеме жасаған болатын.

«Қазақтың этномузыка және этнотеатр саласындағы зерттеулерінде «Ортеке» өнері туралы деректер аз. Дегенмен кейбір ғалымдардың еңбектерінде «Ортекенің» 3 мың жылдан астам уақыт бұрын пайда болғаны көрсетілген. Белгілі музыкатанушы ғалым Ахмет Жұбанов қазақтың қуыршақ театры өз бастауын осы өнерден алатынын атап өткен. Сонымен қатар бұл туралы ғалым Әлкей Марғұланның, белгілі күйші және зерттеуші Абдулхамит Райымбергеновтің, Мұрат Өскембаевтың жазбаларында кездеседі. Бұдан басқа «Ортеке» ежелгі қолданбалы өнер шеберлерінің еңбектеріне арқау болған. Оған дәлел Тамғалы, Ешкіөлмес, Күлжабасы сияқты ең көне ескерткіштерде бейнеленген петроглифтер. Осыларды ескере келе, аталған өнер ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұрасының тізіміне енгізуе нақты лайық деп есептейміз», - деп мәлім еткен болатын министрліктің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, ведомство 2013 жылдан бастап Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраларының ұлттық тізімін жасау, оны ЮНЕСКО-ға енгізу жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы уақытқа дейін қазақ халқының 11 мәдени мұрасы ұйымның тізіміне кірді.

Қытай-Қазақстан логистикалық ынтымақтастық базасы 3500-ден астам Қытай-Еуропа кезекші пойызын жөнелтті «Халық газеті»

Қытай-Қазақстан (Ляньюньган) логистикалық ынтымақтастық базасы 5 жылда 3500-ден астам Қытай-Еуропа пойызы қатынаған. Ляньюньган кеденінен хабарлағанындай, Қытай мен Қазақстан логистикалық ынтымақтастық базасы 2017 жылы пайдалануға берілгеннен бері тұрақтанған 6 жоғары сапалы бағыт ашылып, Орталық Азияның бес мемлекетінен Түркия мен Германия, Ресейге дейін кеңейді. Ол 104 халықаралық жүк стансаларын қамтып, 3500-ден астам Қытай-Еуропа кезекші пойызын жөнелтті.

Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Халық газеті» хабарлады.

Қытайлық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, Қытай-Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» бірлескен құрылысының негізгі жобасы ретінде Қытай-Қазақстан логистикалық ынтымақтастығы базасы құрылғаннан бастап, жұрттың қолдауына ие болды. Соңғы бес жылда Қытай мен Қазақстан логистикалық ынтымақтастығы базасының жалпы транзиттік тиімділігі 75 пайызға артқан.

«Қазіргі уақытта Қытай-Қазақстан логистикалық ынтымақтастық базасы терең су порттарын, мұхит магистральдық желілерін, Қытай-Еуропа-Орталық Азия кезекші пойыздарын және логистикалық станцияларды үздіксіз байланыстырды. Әсіресе індеттен бері әуе тасымалы мен кеме қатынасы зардап шекті. Қытай-Еуропа жүк пойызының тұрақты және тиімді жұмысының арқасында Қытай-Қазақстан логистикалық ынтымақтастық базасына құрылыс машиналары, өндіріс бөлшектерінен бастап, шағын тұрмыстық техника, күнделікті қажетті заттарға дейін көптеген өнімдер жиналды», деп жазады қытайлық БАҚ.

Баян-Өлгийде ақындар айтысы өтті - Janadauir

1984 жылы туылған 2002 жылы Баян-Өлгий аймағының мектеп бітіруші түлектері мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған мерейтойға орай 20 түрлі қоғамдық-әлеуметтік жұмыстар ұйымдастырды. Соның бірі – ақындар айтысы Құрманхан Мұқамәдиұлы атындағы музыкалы драма театрында өтті, деп хабарлайды моңғолиялық janadauir ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Шараның негізгі ұйымдастырушылары – Өлгий сұмын кіші құрылымының жауапты маманы Айтуған Әлейханұлы, Сагсай сұмын әкімі Исатай Арынұлы, Сагсай сұмын АӨҚ-ның бастығы Бауыржан Кәбейұлы және Цэнгэл сұмындық АӨҚ-ның төрағасы Жанбота Ақайқызы қатарлы 2002 жылы әр өлкеден мектеп бітіруші түлектер.

«Жүлде қоры - 2000 млн төгрөг. Айтыстың қортындысы бойынша Іңкәрбек Әділқанұлы бірінші, Серуен Әзімұлы екінші, Аманжол Қуантқанұлы үшінші орындарды бөлісті», деп жазады janadauir.


Соңғы жаңалықтар