Қазақстан мен Қырғызстан депутаттары шекарада бірлескен отырыс өткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжіліс депутаттары қазақ-қырғыз шекарасындағы автомобиль өткізу пункттерінің инфрақұрылымымен танысу мақсатында Жамбыл облысында жұмыс сапармен болды.

Бұл туралы ҚР Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қордай ауылындағы бақылау-өткізу пункттеріне барғаннан кейін Мәжіліс және Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші депутаттарының бірлескен отырысы өтті.

Іс-шараны ашқан Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко қаралып отырған мәселенің әлеуметтік-экономикалық бағытының маңыздылығын атап өтіп, еліміздің және көрші Қырғызстан азаматтарының ескертулеріне назар аударды.

Атап айтқанда, олар шекара өткізу пункттерінде, әсіресе жаз мезгілінде, әлі күнге дейін кездесетін ұзақ кезекке шағымдануда. Кедендік рәсімдеудің және шекараны бақылаудың баяу жүргізілуі, жемқорлық, контрабанда және инфрақұрылымның тапшылығы фактілері де бар.

Отырыс барысында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қаржы министрліктерінің, сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігінің және қырғыз тарапының мемлекеттік органдарының өкілдері баяндама жасады.

Қазақстандық парламент өкілдері өз баяндамаларында шекарадағы автомобиль өткізу пункттерінің жұмысын қамтамасыз ету саласындағы ведомстволары жұмысының негізгі бағыттары туралы толық ақпарат берді. Сонымен бірге 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан мен Қырғызстан үкіметаралық мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға сәйкес орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар шешетін міндеттер де көрсетілген.

Кездесуде екі ел депутаттары шекаралық ынтымақтастықты дамыту туралы заңнаманы жетілдіру мәселелерін талқылады.

Отырысты қорытындылай келе, Мәжіліс вице-спикері В. Божко Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үстіміздегі жылдың 27 қарашасында Қырғызстанға жасаған мемлекеттік сапарының нәтижелерін ескере отырып, қырғыз тарапымен бірлескен іс-қимыл жасау қажеттігін атап өтті.

Шу өзені арқылы өтетін ҚР «Қарасу» – Қырғыз Республикасының «Ақ-Тілек» өткізу бекеттерінің арасындағы жаңа көпір құрылысы туралы үкіметаралық келісімді жүзеге асыру, сондай-ақ «Бесағаш - автожол» (Қазақстан) және «Кичи-Капка - автожол» (Қырғызстан) өткізу пункттерінің жұмысын жандандыру, сондай-ақ «Кеген-автожол» (Қазақстан) мен «Қарқыра-автожол» (Қырғызстан) өткізу пункттерінің жұмыс уақытын ұлғайту ерекше маңызды болып табылады.

Отырыс барысында Мәжіліс вице-спикері шекара өткізу пункттерінің тиімділігін арттыру және шекарадан өту кезінде екі елдің азаматтары үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында осындай кездесулерді жалғастыруды ұсынды. Сондай-ақ проблемалық мәселелерді шешуді тұрақты түрде парламенттік бақылауда ұстау қажеттігін айтты.

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған шара өткізу пункттеріне бару туралы бірлескен келісім аясында Қырғызстан Республикасының Жогорку Кенеш депутаттарының қатысуымен өтті.

Соңғы жаңалықтар