Қазақстан мен Иранның жетекші зерттеу институттары ынтымақтастық перспективасын талқылады

None
None
ТЕГЕРАН. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Иранның жетекші зерттеу институттары Қазақстанның Тәуелсіздіктің 30 жылындағы басты жетістіктері мен Қазақстан-Иран ынтымақтастығының перспективаларын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ирандағы Елшілігіне сілтеме жасап.

ҚР Ирандағы Елшілігінің бастамасы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы ҚР Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) және Иран Сыртқы істер министрлігі жанындағы саяси және халықаралық зерттеулер институтының (IPIS), сондай-ақ Қазақстан мен Иран елшіліктерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздіктің 30 жылындағы жетістіктеріне және Қазақстан-Иран қатынастарын дамытуға арналған вебинар өтті.

Вебинардың басты спикерлері – ҚР Ирандағы Елшісі А.Оразбай және ӘЭСИ директоры Е. Салтыбаев, Иранның Сыртқы істер министрінің орынбасары - IPIS президенті М. Шейхолеслами және Иранның Қазақстандағы Елшісі М. Сабер, Иранның Қазақстандағы экс-елшісі М. Дамирчилу және Иранның Түркиядағы экс-елшісі А. Бигдели, сондай-ақ екі институттың сарапшылары болды.

Екі панельдік сессиядан тұратын вебинардың күн тәртібіне Қазақстанның дамуы мен оның Иран Ислам Республикасымен қарым-қатынасы, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздік және ынтымақтастық перспективалары мәселелері кірді.

Қазақстанның аса маңызды жетістігі сол кездегі ең ірі ядролық қару арсеналынан бас тарту және тәуелсіздік таңында Семей полигонын жабуға байланысты елдің жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан тарихи үлесі аталды.

Сонымен қатар, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастамашы болған Қазақстанның басқа да бейбіт бастамаларына, соның ішінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) және Әлемдік және дәстүрлі діндер съезін шақыру, Сирия дағдарысын шешу үшін Астана алаңын ұсыну, ядролық қарудан азат аймақ құру, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша Алматыдағы келіссөздер және басқа да көптеген бейбіт бастамаларына жоғары баға берілді.

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша қабылданған шешімдердің тиімділігі мен елдегі реформалардың табысты жүргізілуі Қазақстанның бүгінгі өркендеуінің және оның Орталық Азия өңіріндегі көшбасшылығының кепілі деп аталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі таңда жүргізіп жатқан реформаларына жоғары пікірлер айтылды.

Барлық сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан-Иран қатынастарын дамытудағы негізгі фактор ретінде дипломатиялық қатынастар орнатылған күннен бастап Иран мен Қазақстан арасында жоғары деңгейдегі саяси келіспеушіліктердің болмауы аталды.

Вебинарға қатысушылар өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі екі мемлекеттің, әсіресе Каспий аймағындағы маңызды рөлін атап өтті.

Иранның ШЫҰ-ға толық құқылы мүшесі ретінде қабылдау рәсімінің басталуын ескере отырып, спикерлер екі елдің екіжақты ынтымақтастығының жаңа форматын әзірлеу, оның ішінде Ауғанстандағы оқиғаларға, терроризм мен экстремизмнің өскелең қатерлеріне байланысты жаңа сын-қатерлердің алдын алу қажеттілігін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар