Қазақстан мен Иран сауда айналымы өсті - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақстан ОПЕК+ келісімі бойынша мұнай өндіру көлемін ұлғайтады – «ӨзА»

Қазақстан ОПЕК+ келісімі бойынша мұнай өндіру көлемін ұлғайтады.

Ел Энергетика министрлігініңхабарлауынша, ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдердің жинына Қазақстанның Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов қатысып, отырыс барысында мамыр айында елдердің келісім бойынша міндеттемелерін орындауы талқыланған.

Онлайн өткен отырыс қорытындысы бойынша ОПЕК+ елдерінің ағымдағы өндіру деңгейін тамыз айына тәулігіне 0,648 млн баррельге ұлғайтуды жалғастыру туралы шешім қабылданған болып, Қазақстанның тамыз айындағы міндеттемелері тәулігіне 1,706 млн баррельді құрайды, делінген хабарламада.

Стилист Айсұлу Азаматқызы қызметінің қыр-сыры жайлы айтып берді - KAZNEWS

Қазақстандық стилист Айсұлу Азаматқызы Баян-Өлгий аймағында «Әлем сенімен әдемі» атты мастер класс өткізді. Сән әлеміндегі мәртебелі мамандықтың иесі –Айсұлу Азаматқызы қазіргі қызметінің қыр-сыры жайлы айтып берді, деп хабарлайды kaznews.

Стилист Айсұлу алдымен өзі жайлы және мамандық таңдау туралы ойын бөліскен.

Моңғолиялық БАҚ-тың дерегінше, Айсұлу Азаматқызы Баян-Өлгий аймағында туып өскенімен, 7 сыныпта ата-анасымен бірге Қазақстанға қоныс аударған. Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітірген.

Оның айтуынша, әдебиетке жақындығы арғы тегінен. Атасы Имашхан Байбатырұлы Моңғолия және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, драматург болған кісі екен. А. Азаматқызы мамандығы бойынша жұмыс жасамаған. Әу баста сол мамандықпен нан табамын деп оқымағанын тілге тиек етеді.

Айсұлу Азаматқызы тұрмыс құрып, бала тәрбиесімен 8 жыл үйде отырған кезде шығармашылыққа бейімділігі оны осы стилистика мамандығына алып келген.

Ол қазіргі уақытта Алматы қаласында стилист маман ретінде жұмыс істейді.

Айсұлу Азаматқызы қыз-келіншектерге сәнді киіну жөнінде кеңесті онлайн және оффлайн беретінін айтады.

Стилист Айсұлу соңында қазіргі істеп жүрген жұмыстары тілшінің қойған сұрақтарына жауап берген.

«Отандастар» қоры мен Түріксой арасында меморандумға қол қойылды - TRT

Түріксой Бас хатшысы Сұлтан Раев «Отандастар» қорының басшысы Абзал Сапарбекұлымен кездесті. Түркітілдес елдер арасында ынтымақтастық артып келеді. Енді «Отандастар» қоры мен Түріксой арасында меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Түркия радио теледидар агенттігі.

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, Қазақстанның елордасында «Отандастар» қоры мен Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы Түріксой арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылған.

Аталған іс-шарада Түріксой Бас хатшысы Сұлтан Раев Қазақстандағы сапары барысында «Отандастар» қорының басшысы Абзал Сапарбекұлымен кездесті.

Тараптар екі ұйым арасындағы ортақ жұмыстар мен жақын болашақтағы жобаларды талқылады.

Түріксой бас хатшысы Сұлтан Раевтың пікірінше, «Отандастар» қорымен Түріксой арасында ынтымақтастық белсенді түрде жалғасуда. Бүгінгі қол қойылған меморандумға сәйкес енді келісім шеңберінде Түріксой шетелдердегі қандастармен байланысты нығайтпақ.

«Отандастар» қорының басшысы Абзал Сапарбекұлының айтуынша, «Отандастар» қоры ретінде ендігі басымдықты - шетелде өмір сүретін қазақтар және отандастарымыздың өз мәдениетін, әдет-ғұрпын, тілі мен өнерін сақтап қалуы үшін қолымыздағы мүмкіндікті беру. Халықаралық Түріксой ұйымының осы мақсатта қолдау көрсетуі өте маңызды.

Айта кетейік, аталған меморандумда қазақ диаспорасымен байланысты мәдени іс-шаралар, жобалар мен бағдарламалар жасауға, өнер фестивальдерін, көрмелер, ұлттық мейрамдарды бірлесе ұйымдастыру жөнінде келісімдер бар.

«Сұлтан Раев Қазақстандағы сапары барысында айырықша Қазақстан парламенті спикері Мәулен Әшімбаевпен де кездесті. Әшімбаев Түріксойдің түрік әлемі үшін өте маңызды еңбек атқарғанын атап көрсетті», деп жазады TRT.

Иран мен Қазақстанның сауда айналымы 29 пайызға өсті Parstoday

Иран Кеден басқармасының баспасөз өкілі Рухолла Латифидың айтуынша, Иран мен Қазақстан арасындағы сауда айналымының 29 пайызға артқан, деп хабарлайды Parstoday ақпараттық агенттігі.

Ирандық БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, өткен жылы Иран мен Қазақстан арасында құны 365 млн 200 мың доллар тұратын 729 мың тоннаға жуық жүк алмасылды. Бұл тек жылмен салыстырғанда салмақ бойынша 71 пайызға және экономикалық құн тұрғысынан 29 пайызға артқанын көрсетеді.

Иран Кеден басқармасының баспасөз өкілі Р. Латифидың пікірінше, 729 мың тоннаға жуық жүктің 187 млн 200 мың доллар тұратын 512 мың тоннадан астамын Иранның Қазақстанға экспорты құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда салмақ тұрғысынан 51 пайызға артты. Қазақстаннан Иранға құны 78 млн доллар тұратын 218 мың тонна тауар импортталды. Ол өткен жылмен салыстырғанда салмақ бойынша 141 пайызға, құн тұрғысынан 108 пайызға өсті.

Айта кетейік, Иранның Қазақстанға жасалған экспорттық тауарлары мал және егін шаруашылығы өнімдері, азық-түлік, құрылыс материалдары, тұрмыс заттары, мұнай өнімдері, электронды жабдықтар, өнеркәсіп техникалары.

Галбадрах Отгонцэцэгтің ізбасары Абиба Әбужақынова «Grand Slam» турнирінде қола жүлде алды - Kaznews

Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан дзюдодан «Grand Slam» турнирінде Қазақстан құрамасы 4 қола жүлдеге ие болды.

Турнирде 48 келі салмақта сынға түскен қазақстандық Абиба Әбужақынова Халықаралық дзюдо федерациясы атынан сынға түскен Сабина Гильниязованы жеңіп, жарыстың қола жүлдесін алды.

Бұл туралы Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы хабарлады.

Бұл салмақта жапон палуаны Нацүми Цүнода жеңімпаз атанса, моңғолиялық палуан Ганбаатарын Наранцэцэг күміс жүлдені иеленді. Сондай-ақ, екінші қола Оңтүстік Кореялық Ли Хе-Кюүн еншісінде.

«48 келі салмақта Қазақстан абыройын бұған дейін халықаралық жарыстарда моңғолиялық легионер Галбадрах Отгонцэцэг қорғап келген болатын. Абиба Әбужақыноваға келер болсақ 48 келі салмақта жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Оның «Grand slam» жарыстарындағы алған алғашқы жүлдесі Ұланбатырдан бұйырып отыр. Ал, Галбадрах Отгонцэцэг 2021 жылғы қараша айынан бастап спорттық мансабын аяқтап, елге оралған. Галбадрах Отгонцэцэг Қазақстан командасының намысын абыроймен қорғаған легионер спортшылардың бірі болған», деп жазады Моңғолиялық БАҚ.

Айта кету керек, Галбадрах Отгонцэцэгтің спорттық ғұмырындағы ең ірі жеңіс – 2016 жылғы Рио Олимпиадасының қола жүлдесі. 48 келіде Қазақ елінің намысын қорғаған Галбадрах екі мәрте (2017, 2018) әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып, 2018 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында топ жарған болатын.

Қазақстан-Шыңжаң кәсіпкерлерінің онлайн бірлескен тұңғыш кездесуі өтті «Халық газеті»

29 маусымда Қытайдың Шыңжаң-Қазақстан кәсіпкерлерінің онлайн бірлескен тұңғыш конференциясы өтті. Қытай мен Қазақстанның 120-дан астам кәсіпорын өкілдері тоқыма және тігін киімдері, жеңіл өнеркәсіп технологиясы, ауыл шаруашылығы өнімдері және басқа да салалардағы ынтымақтастыққа баса назар аударды.

Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Халық газеті» ақпараттық порталы хабарлады.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Қытайдың Алматыдағы Бас консулдығының коммерциялық кеңесшісі Люй Аньци Шыңжаңның Қазақстанмен экономика мен сауданы дамытуда бірегей географиялық және мәдени артықшылықтарға ие екенін, «Бір белдеу, бір жол» жобасын жүргізуде Қытайдың Шыңжаң мен Қазақстан ынтымақтастығын үздіксіз тереңдету керектігін айтты.

Шыңжаң өлкелік Сауда департаменті директорының орынбасары Рон Цзюнь жиында биылғы жылы Шыңжаңның сауда басқармасы Қазақстанмен негізгі серіктес ел ретінде онлайн бірлескен іс-шараның алты сериясын өткізетінін және онлайн серіктесудің сапасы мен тиімділігін арттыруға барынша назар аударатынын айтты.

«Кездесуде Alashankou Jinmu Biotechnology Co., Ltd. және Шығыс Қытай экономикалық даму аймағы, Co., Ltd., Xinjiang Huayongze International Trade Co., Ltd. және Kazakhstan Kemac Asia Group Co., Ltd. сәйкесінше Қазақстаннан 2000 тонна зығыр және 5000 тонна күнбағыс тұқымын импорттау бойынша ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойды», деп жазады қытайлық БАҚ.

Қазақстанның Ұлттық қорғаныс университетінде Иранның алғашқы жауынгерлік өнері бөлмесі ашылды - Parstoday

Қазақстанның Ұлттық қорғаныс университетінде Иранның алғашқы жауынгерлік өнері бөлмесі ашылды.

Бұл туралы Иранның Parstoday ақпараттық агенттігі хабарлады.

Ирандық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, ИИР-ның қорғаныс дипломатиясының деңгейін көтеру мақсатында Иранның Жоғары ұлттық қорғаныс университеті Қазақстан Ұлттық қорғаныс университетінде Қарулы күштердің жауынгерлік өнері бөлмесін ашты.

ИИР Соғыс өнері кабинетінің ашылу салтанаты Қазақстан республикасының астанасы Нұр-Сұлтан қаласында Иран делегациясы мүшелерінің және ИИР-ның осы елдегі бірқатар әскери бөлімшелерінің, сондай-ақ Қазақстанның жоғары лауазымды әскери басшылары мен Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы әскери бөлімшелері өкілдерінің қатысуымен өтті. Айта кетейік, Қазақстанның Ұлттық қорғаныс университетінде Иран соғыс өнері бөлмесінің құрылуын Қазақстанның Ұлттық қорғаныс университеті ұсынып, Иран Қарулы күштерінің Бас штабы мақұлдаған.


Соңғы жаңалықтар