Қазақстан мен Грузия Үкіметтері арасында бірқатар құжатқа қол қойылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ХII Астана экономикалық форумына қатысу үшін елордаға ресми сапармен келген Грузия Премьер-Министрі Мамука Бахтадземен кездесті. Бұл туралы primeminister.kz сайтында хабарланды.

Келіссөздер барысында сауда-экономикалық өзара әрекеттестікті одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның оныншы отырысының қорытындылары қаралды. 2018 жылы Қазақстан мен Грузия арасындағы сыртқы сауда айналымы 34,6% артып, 100 млн долларға жуықты құрады.

Қос ел Үкіметінің басшылары өзара тауар айналымын одан әрі арттырудың қолда бар елеулі әлеуетін атап өтті. Елдік экономикалардың құрылымы туризм, ауыл шаруашылығы, индустрияландыру, көлік, энергетика салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың спектрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Тараптар экономиканың жекелеген салалары және нақты инвестициялық жобалар бойынша тауар айналымының көлемін ұлғайту және номенклатурасын кеңейтуді қамтамасыз ету жөніндегі шешімдерді қабылдауға ниет білдірді. Соның нәтижесінде өзара сауда-саттық көлемдерін қысқа мерзімді кезеңде екі есе ұлғайтып, 300 млн долларға жеткізу көзделген.

Транзиттік-көлік саласында, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылды. Бұл бағыттағы транзиттік тасымалдар 2015 жылдан бастап 2018 жылға дейін 13 еседен астамға артты. Биыл 120 мың контейнерге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Грузияның Премьер-Министрі Мамука Бахтадзе Қазақстан мен Грузияның тарихи жақсы серіктестер екенін атап өтіп, ынтымақтастықты дамытуды тереңдетуге қызығушылығын білдірді.

Өз кезегінде ҚР Үкіметінің басшысы Грузия Премьер-Министрінің сапары өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға елеулі серпін беретінін атап өтті.

«Біздің ортақ міндетіміз - көлемдерді ұлғайтып, елдердің сауда саласындағы өзара іс-қимылына жаңа серпін бере алатын жобалар мен мүмкіндіктерді жүзеге асыру», - деді А. Мамин.

Үкіметтік келіссөздердің қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды:

1. Қазақстан Республикасы мен Грузия арасындағы 2019-2022 жылдарға арналған өзара тауар айналымының номенклатуарсын кеңейту жөніндегі жол картасы;

2. ҚР Үкіметі мен Грузия Үкіметі арасындағы 2007 жылғы 6 наурыздағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;

3. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Грузияның Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

4. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Грузияның Еңбек, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі арасындағы әлеуметтік-еңбек саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Соңғы жаңалықтар