Қазақстан мен Франция жемқорлыққа қарсы өзара әрекеттестікті арттыруға уағдаласты

None
ПАРИЖ. ҚазАқпарат - Парижде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Францияның Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің (AFA) басшысы Шарль Дюшенмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

А.Шпекбаев француз әріптестерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басты бағыттарымен таныстырды. Агенттік төрағасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы табысты іс-қимылдағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Француз жағы Қазақстанның сыбайлас жемқорлықпен күресетін мемлекеттер тобына (СЖКМТ) қосылуын және сыбайлас жемқорлық жағдайларын анықтау және алдын-алу саласындағы әлемнің озық тәжірибесін енгізуге ұмтылысын жоғары бағалады.

Тараптар сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдың тек превенция, ағарту және жазалау шараларының қисынды үйлесімімен ғана мүмкіндігі туралы пікірге тоқталды.

Шарль Дюшен превенция тетіктерін, соның ішінде мемлекеттік органдармен қоса жекеменшік секторда да сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормалар мен этикалық ережелердің орындалуын бақылайтын комплаенс қызметтері тарапынан мұқият тексерудің және жемқорлық тәуекелдеріне кешенді сараптама жүргізудің маңызды рөліне тоқталды.

Кездесудің нәтижелері бойынша өзара әрекеттестіктің нақты келешегі айқындалды. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласында желтоқсан айында өтетін халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған жыл сайынғы конференцияға AFA басшысы француз делегациясын бастап келмек.

Соңғы жаңалықтар