Қазақстан мен ЕО: коронавируспен күрес тауар ағынына кедергі келтірмеуі тиіс

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Брюссельде Еуропалық Комиссия, Еуропарламент өкілдерімен, сондай-ақ ірі бизнес өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш ведомоствоның ресми сайтына сілтеме жасап.

Министрдің жұмыс сапары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуропалық Одаққа алғашқы ресми сапарын дайындау және Мемлекет басшысының қараша айының соңында Қазақстанның төрағалығымен өтетін Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-ші Министрлік конференциясының ашылу рәсіміне қатысуы шеңберінде өтуде.

Осылайша, министр Сұлтанов Еуропалық сауда және экономика жөніндегі комиссияның Атқарушы Вице-президенті Валдис Домбровскиспен кездесті.

Кездесуде Қазақстан мен Еуропалық Одақтың екіжақты сауда-экономикалық қатынастары мәселелері көтерілді.

ЕО негізгі сауда және инвестициялық әріптес болып табылады, оның үлесіне қазақстандық сыртқы сауда айналымының және еліміздің экономикасына инвестициялардың жартысына жуығы тиесілі. Бұл ретте біздің еліміз «екінші буын» құжатына - Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге (КӘЫК) қол қойған Орталық Азиядағы бірінші мемлекет болды. Кездесуге қатысушылар осы бағдарламалық құжат шеңберіндегі интеграциялық процестер ҚР мен ЕО ынтымақтастығының ауқымын кеңейтуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Кездесу тақырыптарының бірі қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау кезінде еуропа елдерінің рұқсат құжаттарын алу рәсімдерін жеңілдету мәселелері болды.

Бақыт Сұлтанов пен Валдис Домбровскис 12-ші министрлік конференциясына дайындық барысын талқылады.

- Министрлік конференциясының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша консенсусқа қол жеткізуде бірлескен күш-жігер қажет. Бұл көпжақты сауда жүйесі ретінде ДСҰ-ға деген сенімді қалпына келтіру үшін оң сигнал болады. МК-12 шешімдері ДСҰ - ны оң траекторияға шығару үшін шешуші мәнге ие болады, - деп атап өтті Бақыт Сұлтанов.

Еурокомиссияның Вице-президенті ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығын және КӘЫК шеңберінде құралдар мен консультациялардың неғұрлым кең және тиімді шеңберін қолдану қажеттілігін атап өтті.

Валдис Домбровскис Қазақстанның өңірдегі жетекші рөлін, сондай-ақ Еуропалық Одақтың алдағы ДСҰ МК-12 шеңберінде оңтайлы шешімдер мен консенсустарды іздеуге бейілділігін атап өтті.

Сол күні Сауда және интеграция министрі Еуропалық Парламенттің Халықаралық Сауда Комитетінің төрағасы Бернд Ланге және Еуропарламент депутаты Рышард Чарнецкиймен кездесті.

Жүздесу барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жолдары мен мүмкіндіктері талқыланды.

Ланге мырза ковидокризистен болатын шығындарды азайту үшін барлық елдердің кооперациясы қажеттілігі туралы Қазақстанның ұстанымын қолдады. Еуропарламент өкілдері короновирусқа қарсы күрес халықаралық тауар ағындарына кедергі келтірмеуі тиіс екенін атап өтті.

Еуропалық Парламенттің достық тобының төрағасы Рышард Чарнецкий Бақыт Сұлтановты қарсы ала отырып, Еуропалық Парламенттегі ҚР-ЕО достық тобының Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы диалогты нығайтуға және ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

Сапар барысында Министр, сондай-ақ «Tessenderlo Group» Бас директоры Люк Такоммен келіссөздер жүргізді.

Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндігі талқыланды. Оның ішінде индустриялық сауда-логистикалық хабтар аумағында.

«TessenderloGroup» - ауыл шаруашылығына және биологиялық қалдықтардың құндылығын арттыруға мамандандырылған ірі өнеркәсіптік топ. Топтың қызмет ету саласына қоректік заттар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын өндіру, жануарлардан алынатын жанама өнімдерді қайта өңдеу жатады. Компания - жоғары сапалы коллаген желатині мен пептидтерін әлемдік жетекші өндірушілердің бірі.

Компания қазақстандық тараппен осы бағытта ынтымақтастыққа мүдделілік танытты.

Сонымен қатар, кездесуге крандарды жалға беру, ауыр жүктерді көтеру және инженерлік көлік қызметтері саласында әлемдік көшбасшы және эталон болып табылатын Sarens Group Басқарма Төрағасы Вим Сарепнс қатысты. Sarens Group-тың Атырау мен Қарағандыда 2 кеңсесі бар.


Соңғы жаңалықтар