Қазақстан мен Армения арасында ресми құжаттарды танудың оңайлатылған тәртібі белгіленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Парламент Сенатының жалпы отырысында Қазақстан мен Армения арасында қосарланған салық салу қаупін болдырмауға қатысты Заң қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келісім екіжақты халықаралық шарт болып саналады және Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасының уәкілетті органдары берген резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібін жеңілдету мақсатында жасалды. Аталған тәртіп екі мемлекеттің салық төлеушілеріне апостиль қоюсыз резиденттігін растайтын құжатты салық агентіне ұсынуға мүмкіндік береді», - деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Оның сөзіне қарағанда, мұндай ретроспективті тәртіп екі мемлекеттің салық төлеушілеріне қосарланған салық салу қаупін болдырмауға мүмкіндік береді.

«Осы Келісім біздің елдеріміздің әрі қарай

қарым-қатынасының дамуына бағытталған Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы шаралардың бірі болып отыр. Келісімді іске асыру мемлекеттік бюджеттен қаржы шығындарын талап етпейді», - деді Ә. Смайылов.

Жалпы отырыстағы талқылаудан кейін палата депутаттары «2006 жылғы 6 қарашадағы Қазақстан Үкіметі мен Армения Үкіметі арасындағы Табыс пен мүлікке салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенция және оған Хаттама шеңберінде Қазақстан мен Армения уәкілетті органдары берген резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібі туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялау туралы» Заңды қабылдады.


Соңғы жаңалықтар