Қазақстан медицинасы коронавирустың екінші толқынына дайын ба

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда коронавирус індеті кезіне кадр тапшылығын шешу үшін 30 мың медицина қызметкері қосымша курстан өтті. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Пандемия жағдайында кадр қажеттілігін шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігі өзекті мәселелер бойынша 30 мың медицина қызметкеріне қосымша курстар өткізді. Сонымен қатар медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары медицина қызметкерлері үшін тұрақты түрде вебинарлар өткізуде. Соңғы 4 айдың ішінде республикалық бюджет қаражаты есебінен жұқпалы аурулардың эпидемиологиясы және биоқауіпсіздік, инфекциялық емес аурулардың алдын алу және тиімді емдеу курстары бойынша 5 мыңнан астам медицина қызметкері дайындықтан өтті. Медицина кадрларын қайта даярлау квотасы бойынша осы жылдың 1 тамызынан бастап 45 эпидемиологпен толықтырылды. 1 қарашаға таман тағы да 205 эпидемиолог пен 165 жедел медициналық жәрдем дәрігерімен толығатын болады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар оның айтуынша, биылғы жылға арналған білім беру тапсырысы аясында жұқпалы аурулар, анестезиология мен реаниматология мамандықтары бойынша 200 және 240 көлемінде мемлекеттік білім беру гранттарын ұлғайту көзделген. Ресейлік мамандарды тарта отырып, «COVID-19-дың барлық кезеңінде көмек көрсету» тақырыбы бойынша сырқаттанушылық жоғары 4 өңірдің 200 медицина қызметкері оқытылған.

«Әрине, кез келген дәрігерді дайындау үшін уақыт керек. Дегенмен, індет оны күтпейді. Сондықтан медицина қызметкерлерінің санын арттыру үшін осындай қадамдарға бардық», - деді Бағдат Қожахметов.


Соңғы жаңалықтар