Қазақстан Люксембургпен қосарланған салық салуды болдырмау туралы хаттаманы ратификациялады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Сенатта «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Люксембург Ұлы Герцогтігінің Үкіметі арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2012 жылғы 3 мамырда Люксембургте қол қойылған Хаттамамен енгізілген өзгерістерді ескере отырып, 2008 жылғы 26 маусымда Астанада қол қойылған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Люксембург Ұлы Герцогтігінің Үкіметі арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қаралуымызға енгізіліп отыр. Аталған хаттама 2019 жылғы 14 қазанда Нұр-Сұлтанда және Люксембургте жасалған. Қолданыстағы Конвенцияға толықтыру енгізу дивиденттерді олар мемлекеттік иелік етумен байланысты болған кезде салық алудан босату арқылы ел бюджетінің мүдделерін қорғау қажеттігінен туындап отыр. Нәтижесінде дивиденттердің іс жүзіндегі иесі Үкімет немесе орталық не жергілікті билік органы, Орталық (Ұлттық) банк немесе Үкіметке толығымен тиесілі кез келген басқа мекеме болып табылған жағдайда, кіріс көзі мемлекетінде дивиденттерді салық салудан босату көзделеді«, - деді отырыста аталған мәселе бойынша баяндама жасаған сенатор Ғұмар Дүйсембаев.

Оның айтуынша, «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 27-бабының 4-тармағына сәйкес Хаттама ратификациялануға жатады. Заң жобасы жұмыс тобының және комитеттің отырыстарында жан-жақты қаралды. Сенаттың барлық комитеттері заң жобасы бойынша өздерінің оң қорытындыларын берді.

«Баяндалғанды ескере келе, Қаржы және бюджет комитеті, Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 4-тармағына сәйкес «2012 жылғы 3 мамырда Люксембургте қол қойылған Хаттамамен енгізілген өзгерістерді ескере отырып, 2008 жылғы 26 маусымда Астанада қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Люксембург Ұлы Герцогтігінің Үкіметі арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңын қабылдауды ұсынады«, - деді Ғ.Дүйсембаев.


Соңғы жаңалықтар