Қазақстан Қытайға экспортты ұлғайтуда - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Шыңжаңдағы жайлаудың көрінісі «Халық» торабында жарияланды – «Жэньминь жибао»

Қытайдың «Жэньминь жибао» ақпараттық порталында осындай тақырыппен суретті ақпарат жарияланды. Көздің жауын алатын әсем табиғат аясында жайылып жүрген қоралы қой мен үйірлі жылқылар сұлу табиғаттың сәніне одан сайын сән қосып тұрғанын байқауға болады.

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, Шыңжаңның Іле қазақ автономиялы облысы, Күнес ауданындағы Жауыр жайлауында көктемгі жаңбырдан кейін шөп жақсы көктеген. Бел-белестер «жасыл кілем» жамылып, көрінісі көз тартарлық бейнеге енген.

«Кешқұрым батып бара жатқан күннің арайына шомылып әсем сағым ойнаған жайлауда жайылып жатқан үйірлі жылқы, қоралы қой ақындардың жырына, суреткердің қаламына арқау боларлық көркем көрініс қалыптастырды», деп жазды қытайлық басылым.

Қазақстан мен Түркия БАҚ саласында өзара ынтымақтасады - TRT

Кездесу барысында екі ел арасындағы ақпарат және БАҚ саласы бойынша өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Түркия Республикасының Ыстанбұл қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Ақпарат және медиа жөніндегі министрлері мен жоғары лауазымды тұлғаларының 4-ші отырысы өтті, деп хабарлайды «Түркия Радио Теледидар» ақпараттық агенттігі.

Аталған басылымының дерегінше, халықаралық жиынға қатысқан Қазақстан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров шараның негізгі бөлімінен кейін Түркия Республикасы Президенті аппаратының Коммуникациялар басқармасының басшысы, профессор Фахреттин Алтунмен кездесті.

«Жүздесу барысында екі ел арасындағы ақпарат және БАҚ саласы бойынша өзара ынтымақтастық мәселесі, бірлескен телехикаялар мен фильмдер түсіру, қоғамдық дипломатия саласында бірігіп жұмыс жүргізу, тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды», деп жазады TRT.

Сондай-ақ министр Әзербайжан Президентінің көмекшісі, әрі Сыртқы саясат жөніндегі басқарма басшысы Хикмет Гаджиевпен де кездесті.

Кездесуде екі елдің медиа саласындағы байланысын нығайту және телеөнімдермен, оның ішінде анимациялық фильмдер алмасу жайы талқыланған.

Ташкентте Қазақстанда өтетін референдумға байланысты дөңгелек үстел өтті - «ӨзА»

Бұл туралы осы аптада Өзбекстанның « ӨзА « мемлекеттік ақпараттық агенттігінде жарияланды.

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, 2022 жылдың 17 мамыры күні Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігінің бастамасымен Ташкент қаласында «Bilim Karvoni» («Білім керуені») мемлекеттік емес ғылыми мекемесінің ұйымдастыруында дөңгелек үстел өтті.

Атаулы іс-шара осы жылдың 5 маусымында Қазақстанда өтетін референдумға байланысты елдің Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылауға арналды. Ғылыми жиынға Елшілік қызметкерлері, ғалымдар, халықаралық ұйымдардың сарапшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Онда Елші Д.Сатыбалды дөңгелек үстелге қатысушыларға 2022 жылдың наурыз айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған ауқымды саяси өзгерістер туралы толықтай ақпарат берді.

«Елдің «суперпрезиденттік» басқару формасынан ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға түпкілікті көшуді, барлық мемлекеттік модельді кешенді трансформациялауды, билік тармақтары арасындағы өзара қарым-қатынастың оңтайлы теңгерімін қалыптастыруды, мемлекет пен қоғамның тиімді диалогын құруды бекітуге арналған конституциялық реформаның ерекшеліктерін егжей-тегжейлі түсіндірді», деп жазды өзбектсандық БАҚ.

Дөңгелек үстелге қатысқан ғалымдар мен сарапшылар Қазақстанның демократия жолындағы реформалары, ел Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға жан-жақты тоқталған.

Сондай-ақ, «Bilim Karvoni» мекемесінің басшысы Ф.Толипов Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жыл толуына орай, өз баяндамасында екі ел арасындағы барлық деңгейде қарқынды дамып келе жатқан атап өтті.

Қарағанды облыстық филормониясы Баян-Өлгийде концерт бере ме? - Kaznews

Апта соңында Kaznews порталында осындай тақырыптағы ақпарат жардық көрді.

Моңғолияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дорж Баярхүү Отандастар қорының президенті Абзал Сапарбекұлын жаңа қызметімен құттықтай келіп, бірлесе жұмыс істеуге ниетті екенін айтты, деп хабарлайды Kaznews.

Аталған БАҚ-тың мәліметіне сүйенсек, тараптар екі елдің арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту бойынша пікір алмасты. Осы орайда Қоғам президенті Абзал Сапарбекұлы биыл Қазақстан мен Моңғолияның дипломатиялық байланыс орнатқанына және қазақтардың ұлы көшінің 30 жылдығына орай екі ел арасындағы ынтымақтастығын бекітетін бірлескен концерттік шараны ұйымдастыру туралы ұсыныс білдірді.

«Биыл жазғы маусымда Қарағанды облыстық филормониясының әртістері Баян-Өлгий жеріне барып, концент қою жөнінде ойын жеткізді. Елші өз кезегінде бұл ұсынысты қолдайтынын, аталған жоспарды пысықтайтынын айтты. Кездесу нәтижесінде екі тарап та елдер арасындағы достық байланысты нығайтуға уағдаласты», деп түйіндейді Kaznews порталы.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Қазақстанның Қытайдағы жаңадан тағайындалған Елшісімен кездесті – «Халық газеті»

2022 жылы 19 мамыр күні ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасары Лэ Юйчэн Қазақстанның Қытайдағы жаңадан тағайындалған Елшісі Шахрат Нұрышевпен кездесіп, екіжақты қарым-қатынастар, жоғары деңгейдегі алмасулар және «Бір белдеу, бір жолды» бірлесіп құрудағы ынтымақтастық туралы пікір алмасты, - деп хабарлайды « Халық газеті «.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, Лэ Юйчэн Шахрат Нұрышевті Қытайдағы жаңа қызметімен құттықтады. Сондай-ақ, Қытай мен Қазақстан арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жылдан бері екі елдің қарым-қатынасы уақыт өткен сайын нығайып, үздіксіз дамуға қол жеткізгенін, түрлі салалардағы ынтымақтастықтың жемісті нәтижелер бергенін айтты. Қытай тарапы екі мемлекет басшылары қол жеткізген консенсусты адал іске асыру және Қытай мен Қазақстан арасындағы тұрақты жан-жақты стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеру үшін Қазақстан тарапымен жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Шахрат Нұрышев Қытайдағы елші қызметін қайта атқаруға келгенінне қуанатынын айтып, Қытайдың соңғы жылдардағы даму жетістіктері мен түрлі салалардағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының жетістіктеріне жоғары баға берді.

«Ол Қазақстанның әрқашан Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарын дипломатияның басты бағытының бірі ретінде қарастыратынын және Қытаймен жоғары деңгейдегі алмасуларды жандандыру, даму стратегияларының сәйкестігін тереңдету және екі жақтың өзара тиімді ынтымақтастығының жаңа нәтижелерге қол жеткізуін ілгерілету үшін жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті», деп жазды kaz.people.cn.

Чабахар - Қазақстандағы сауда және транзит үшін бірегей мүмкіндік - Parstoday

Иранның оңтүстік-шығысындағы Систан және Белучистан порттары мен теңіз басқармасының басшысы Насер Раванбахш сәрсенбі күні Қазақстанның Ақтау портының басшысы Абай Түрікпенбаевпен кездесті. Сол кездесуде Чабахар портының екі ел үшін стратегиялық маңызы зор екенін айтылды.

Бұл туралы осы аптада Иранның Parstoday ақпарат агенттігі хабарлаған болатын.

«Чабахар – бұл стратегиялық порт арқылы ашық суларға шығу үшін ТМД елдерінің, соның ішінде Қазақстанның саудасы мен транзитінің таптырмас мүмкіндігі», дейді Иранның оңтүстік-шығысындағы Систан және Белучистан порттары мен теңіз басқармасының басшысы.

Насер Раванбахштың мәліметіне сүйенсек, Иран-Қазақстан сауда алмасуындағы Ақтау және Құрық порттарының маңыздылығын және Чабахар портының стратегиялық жағдайын ескере отырып, бұл қуатты екі ел арасындағы тасымалдау және транзиттік ынтымақтастықты дамыту үшін оңтайлы пайдалануға болады.

Ақтау портының басшысы Абай Түрікпенбаев та бұл кездесуде Чабахардың Азия елдері арасындағы байланысты нығайтуға әлеуеті зор екеніне тоқталған. «Солтүстік-Оңтүстік дәлізін белсендіру үшін транзитпен байланысты әртүрлі секторлар арасындағы үйлестіруді арттыру қажет», дейді Ақтау портының басшысы.

Аталған басқосуға қатысқан басқада ресми өкілдердің айтуынша, Чабахардағы Шахид Бехешти порты мұхиттағы кемелерді байлау мүмкіндігіне ие және Иранның еркін экономикалық аймақтарының бірі болып саналады екен.

Айта кетейік, Ақтау портының басшысы Түрікпенбаев бастаған Қазақстанның порт-экономикалық делегациясы Иранның теміржол және көлік саласының өкілдерімен бірге Чабахар портының инфрақұрылымын аралады.

Қазақстан Қытайға экспортты ұлғайтуда - «Халық газеті»

Қазақстан мен Қытай арасындағы өңделген тауарлардың тауар айналымы 2022 жылдың қаңтар-наурыз айларында $3,1 млрд құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,9%-ға жоғары ($2,5 млрд).

Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Халық газеті» басылымы хабарлады.

Қытайлық БАҚ-тың жариялаған мәліметіне сүйенсек, Қазақстаннан Қытайға өңделген тауарлар экспорты 17,8%-ға өсіп, $1 млрд құраған.

Сонымен қатар, мыс және мыстан жасалған катодтар, өсімдік майлары, титан және одан жасалған бұйымдар, дәнді немесе бұршақты дақылдарды қайта өңдеу қалдықтары, циклдық көмірсутектер және т. б. тауарлар жеткізілімдері артты.

Қаңтар-наурыз айларында Қытайдан Қазақстанға өңделген тауарлар импорты $2,1 млрд құраған.

Айта кетейік, Қазақстан ҚХР-дан ауаны баптауға арналған қондырғыларды, есептеу машиналарын, топырақты сұрыптауға және майдалауға арналған жабдықтарды, көтеруге, жылжытуға, тиеуге немесе түсіруге арналған машиналар мен құрылғыларды, электр генераторлық қондырғыларды, шиналарды, телефон апараттарын және т. б. импорттайды.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, жылдың алғашқы үш айында Қытайдан Қазақстанға аяқ киім және шұлық бұйымдары, төсек-орын, асхана, дәретхана және ас үй жабдықтары, арнайы мақсаттағы машиналар мен механикалық құрылғылар, ауа немесе вакуумдық сорғылар, компрессорлар мен желдеткіштер және т. б. тауарлардың импорты төмендеді.

«Қазақстан мен Қытай арасындағы жалпы тауар айналымы (шикізат және өңделген тауарлар) 2022 жылғы қаңтар-наурызда $4,7 млрд құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,6%-ға жоғары ($3,4 млрд)», деп мәлімдейді «Халық газеті».


Соңғы жаңалықтар