Қазақстан-Қытай ынтымақтастығына қосқан Ұлттық музейдің үлесі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және «Нұрлы жол» бағдарламасы. Өзаратиімді өсім мен өркендеу траекториясы» тақырыбында «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен Қытай Халық Республикасының Елшілігі жариялаған байқау аясында қатысушылардан келіп түскен мақалалар оқырман назарына ұсынылады.

***

«Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумында Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Бірлесе даму арқылы тұрақтылыққа қол жеткізу» ұстанымы бүгінде ондаған елдің экономикалық мүддесіне сай келетін халықаралық ынтымақтастықтың тартымды формасы болып саналады. Осыған орай, Жібек жолының нақты сұлбасы көріне бастаған қазіргі кезде бұл макроөңірлік кооперацияның бірлескен стратегиялық үйлесімі қажет. Сондай-ақ, Жібек жолы бастамасын іске асыру тұтас бір өңірлерді, соның ішінде Орталық Азияны жаһандық контексте жаңа тұрпатта танытуға мүмкіндік береді», - деді.

         «Біл белдеу, бір жол» стратегиялық бастамасын қабылдай отырып, көршілес елмен бір деңгейде жан-жақты дамуға ауысқанымыз анық. Осындай достық қарым-қатынастың барысында қоғамда орын алған өзгерістер жетіп артылады. Екі мемлекеттің арасындағы білім, ғылым, мәдениет салалары бойынша орнатылған тығыз байланыс қос халықтың қатар деңгейде араласуына негізгі себеп болды. Бүгінде Қытайдың әр қаласында жергілікті халыққа қазақ тарихын, мәдениетін таныту, тілін үйретіп, салт-дәстүрін насихаттаумен айналысатын Қазақстан орталықтары құрылған. Ал Қазақстанның алдыңғы қатарлы ЖОО жанынан ашылған Конфуций Институттары қазақстандықтарға қытай тілін үйретумен қатар, түрлі шараларды ұйымдастыруға мұрындық болып жүр. Қытай университеттерінен тіл үйреніп, білім алған мамандар еліміздің әр саласында қызмет етіп, Қазақстан-Қытай компанияларында майталман маман болып қалыптасуда. Қос халықты бір-бірінің төл тарихымен, мәдени мұрасы және салт-дәстүрімен қатар, бүгінгі заманауи ахуалымен таныстыру үшін ҚР Ұлттық музейі де үлкен үлес қосып келеді.

         Музей - мәдениеттің мекені. Тарихқа дәлел болар құнды жәдігерлер мен дәуірлерді дәріптейтін мәдени мұралар мәңгі сақталатын қасиетті орын. Бүгінде Ұлттық музей қонақтарын тек тұрақты экспонаттарымен ғана емес, түрлі тақырыпта ұйымдастырылатын көрмелерімен де қуануда. Соның ішінде шетелдік көрмелердің алатын орны ерекше. Себебі шетелдік көрмелер арқылы өзге мемлекеттің тарихын, мәдениетін көріп, бөтен бір ұлттың бар болмысын танып-білуге мүмкіндік бар. Алыс аймақтарда өмір сүріп жатқан халықтарды насихаттайтын мүсін, сурет, қолөнер, фото көрмелердің  адамға берері көп. Аталған көрмеге ұсынылатын көркем туындылар таңдандырмай қоймайды. Себебі өнер - ешбір ұлтқа, дінге, тілге бөлінбейтін, күллі адамзатқа ортақ ғажап жаратылыс. Ал Ұлттық музей түрлі халықтарды мәдениет арнасында тоғыстырып, баршаға ортақ «өнердің» айналасында біріктіріп келеді.
null

         «Таңғажайып Қытай» деп аталатын фотокөрме топтамасы 6 бөлімнен тұрады. Аталған көрмені ҚР ҚХР Елшілігі ҚР Ұлттық музейімен бірлесіп ұйымдастырған. Фотокөрмеден Қытайдың бүгінгі келбетін, соңғы 5 жыл ішіндегі тарихи жетістіктерін, табиғат көріністерін, экономикасы мен мәдениетін тамашалауға болады. Әр бөлімде көршілес мемлекеттің түрлі аймағын танытатын туындылар қойылады. Бүгінге дейін  Ұлттық музей өзінің қонақтарына «Таңғажайып Қытайдың» үш бөлімін ғана ұсынды. 2018 жылғы 17 сәуірде ашылған «Таңғажайып Қытай. Аспан асты елінің тартымды орындары» атты  фотокөрмеде Цзянсу провинциясының экономикалық және өндірістік қуаты, адами капиталы, ғылыми потенциялы мен бай тарихын насихаттайтын туындылар көрсетілді. Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан Республикасындағы Қытай Халық Республикасы Елшілігінің Сенімді өкілі Лю Цзянпин фотокөрмеден  Қытайдың ашық есік реформасының 40 жылдығының даму жетістіктерімен қатар, елдің мәдени өмірінің көрінісін, бүгінгі қоғам мен халықтың салт-дәстүрін байқауға болатынын атап айтқан болатын. Ал 2018 жылғы 24 мамырда ашылған «Таңғажайып Қытай. Аспан асты елінің көз тартатын орындары» фотокөрмесінің ІІ бөлімінде Шығыс Қытай және Қытайдың жағалаудағы аудандарының келбеті ұсынылды. Көрмеге Қытайдың шығыс бөлігі мен оның жағалаудағы аудандарының әсем табиғатын, қазба байлықтарын, көлік инфрақұрылымы мен экономикасын көрсететін туындылар қойылды. Шаньдун, Анхой, Чжэцзян, Гуандун, Фуцзянь және Ляонин провинцияларының әлеуметтік, экономикалық және мәдени салалардағы жетістіктері кеңінен көрсетілді.

         Аталған көрменің ІІІ бөлімі 2018 жылғы 17 шілдеде ашылып, Ұлттық музей қонақтарын Солтүстік және Орталық Қытайдың көркем көріністерімен қуантты. Бейжін, Тяньзинь қалаларының және Хэнань, Хубэй, Хунань провинцияларының әлеуметтік, экономикалық және мәдени жетістіктерімен қатар, тұрақты дамуды қамтамасыз ету жолындағы құнды тәжірбиелердің көріністері ұсынылды. «Таңғажайып Қытайдың» өзге бөлімдері алдын ала белгіленген уақыт бойынша Ұлттық музейде ашылып, қытай елін музейге келуші түрлі ұлт өкілдеріне жан-жақты таныстыратын болады.
null

         «Таңғажайып Қытай» фотокөрмесі арқылы көршілес елдің бүгінгі келбетін көріп, жан-жақты таныдық. Ал қытайлықтар қазақтарды 2018 жылғы 12 шілдеде Қытайдың Сиань  қаласында ашылған «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» атты көрме арқылы білуге мүмкіндік алды. Аталған көрмені «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты халықаралық көрме жобасы аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі мен Шэньси Тарих музейі бірлесіп ұйымдастырған болатын. Көрмеге Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қорындағы Есік маңынан табылған Сақ жауынгері - «Алтын адам», ж.с.д. V-IV ғғ. белгіленген алтын және күміс бұйымдардың жиынтығы ұсынылды. Аталған көрменің ашылу салтанатында сөз алған Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев: «Бүгінгі Ұлы дала көрмесі Қазақстанның елордасы Астананың 20 жылдығына және «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 5 жылдығына орай ұйымдастырылды. Қазақстан мен Қытай тарихи көршілес елдер болып Ұлы Жібек жолын жаңғыртуға бірігіп атсалысып келеді. 2013 жылы Қытай Төрағасы Си Цзиньпин Астана қаласында тұңғыш рет Жібек жолының экономикалық белдеуін құру туралы бастаманы жария етуі екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестіктің биік деңгейін дәлелдейді. «Алтын адам» экспонаты Қытай жеріне екінші мәрте келіп отырғанын атап өткен жөн. 2013 жылы Бейжің қаласындағы Қытай Ұлттық музейіне қойылып, өте жоғары бағаға ие болған. Осы үрдіс жалғасын тауып отырғаны қуантады. Көрмеге ұсынылған көптеген тарихи деректер арқылы Ұлы даланың ерекшеліктері мен оның рухын сезініп, құнды дүниелерімен танысып, қазақ елінің төл тарихынан тиісті ақпарат аласыздар деп ойлаймын», - деп өз пікірін білдірген болатын.
nullnull

Қытай халқына Қазақстанның негізгі нышанына айналған «Алтын адамды» таныстыру арқылы ежелден қалыптасқан мәдениетімізді, өркениетімізді насихаттадық. Ата-бабамыздан қалған құнды жәдігерлер арқылы төл тарихымызды танытып, бай мәдени мұрамызбен таңдандырдық. Алтын, күміс әшекейлерімізді көрсету арқылы зергерлік өнердің үлгісін көрсеттік.
null

         ҚР ҚХР Елшілігі алдағы уақытта екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастың ауқымын кеңейтіп, Қазақстан-Қытай  музейлерінің серіктестігін дамыту мақсатында музей мамандарына арналған іс-сапар ұйымдастырып отыр. Пекин, Чанчунь, Харбин қалаларына іс-сапарға баратын Қазақстан музейлерінен шақырылған қызметкерлер Қытайдың музей ісімен жете танысып, аталған сала бойынша тәжірибе алмасуды мақсат тұтады.  
null

         Қос ел арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынастың тұрақтылығы үшін осындай игі шаралар маңызды рөл атқарады. Бір-бірінің тарихын білу арқылы халықтар бір-бірін танып, құрметтеп, мәдениетін көру арқылы, бір-бірінің ізгі қасиеттерін аңғаратыны анық. Бірлік пен татулық негізгі құндылыққа айналған осы ғасырда «көршімен тату болу» дәстүрі басты кепілдік екенін сіз бен біз жақсы түсінеміз.

nullnull

Ләйлә Ноғайбекқызы

ҚР Ұлттық музейі

Астана қаласы

Соңғы жаңалықтар