Қазақстан Қытай достығы мәңгілік

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан өз алдына шаңырақ көтергеніне биыл тура 27 жыл болды. Бұл бір қарағанда аз ғана уақыт сияқты көрінгенімен осы жылдар аралығында бүкіл әлем қазақ елін танып үлгерді. Бұл - Қазақстанның сыртқы елдермен дипломатиялық қарым-қатынаста ұстанған сындарлы саясатының жемісі. Соның нәтижесі болса керек, бүгінде қазақ еліне алыс-жақындағы елдер қызыға да, қызғана да қарайды. Солардың бірі - ежелден көршілес келе жатқан Қытай елі.

Биыл Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 27 жыл толды. Осы ширек ғасырдың ішінде екі ел ынтымақтастығы берік, тату әрі сенімді әріптестікке айналып отыр.

Бұл күндері қай саладан алып қарасаңыз да қазақ-қытай өзара ықпалдастығы күн санап артып барады. Жыл өткен сайын өзара сауда-саттық көлемі артып, бiрлескен кәсiпорындар саны да күн санап өсіп жатыр. Мәдениет, оқу-білім, өнер салалары сондай-ақ, денсаулық саласында да ауыз толтырып айтар жетістіктер жетерлік. Сондай-ақ, екі ел кейбір түйткілді мәселелерді ауызбіршілікпен шешіп, әлемде болып жатқан дипломатиялық талас-тартыстарды реттеуде де бір-біріне қолдау көрсетіп келеді. Міне, бұл Қазақ-Қытай достығындағы ерекшеліктердің бірі.

Жалпы, қазақ пен қытайдың достығы Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай ғана басталған жоқ. Екі ел достығының тамыры тым тереңде жатқаны баршамызға белгілі. Сонау Ұлы Жібек жолы дүрілдеп тұрған кезде екі ел арасында сауда-саттық, дипломатиялық байланыс болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Жібек жолы тек сауда-саттықты ғана дамытып қойған жоқ. Ол сол кезеңдегі алдыңғы қатарлы тәжірибенің, жетістіктер мен білімнің алмасуын ынталандырып, ғасырлар бойы үлкен Еуразиядағы бейбітшілік пен сұхбаттастықтың нығаюына септігін тигізді. Бұл сол ғасырларға жалғасқан достықтың нақты дәлелі.

ХХ ғасырдың 80 жылдарына келгенде неше ондаған жылдар тарс бекітулі жатқан Кеңес Одағы мен Қытай шекарасы ашылды. Одан көп ұзамай Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялады да, Қытаймен дипломатиялық қарым-қатынассы қайта белең алды. Қытай - Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған әрі дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан алғашқы мемлекеттердің бірі. Дипломатиялық қарым-қатынас орнатқаннан бері, екі елдің байланысы өзара сенім, теңдік, тиімділік, әріптестік негізінде, барлық сала бойынша бір қалыпты даму қарқынын сақтай отырып, осы аймақта, тіпті дүниежүзінде тату көрші, сенімді достық қарым-қатынас пен ортақ дамудың тамаша үлгісін көрсетіп келеді десек артық айтқанымыз емес.

Бүгінгі таңда саяси тұрғыдан алғанда, Қазақстан мен Қытай елдері ортасында күрмеуі шешілмеген күрделі мәселелер қалған жоқ. Өткен күндердің парақтарын ақтарып қарасақ, екі ел арасында ілгерінді-кейінді бірнеше маңызды құжаттарға қол қойғанын көруге болады. Соның ішіндегі маңызды дегендерге тоқталып өтсек, 2002 жылдың желтоқсанында қол қойылған «Қазақстан-Қытай тату көрші, тату достық ынтымақтастық шартына», 2005 жылы шілдеде «Қазақстан-Қытай стратегиялық әріптестік жөніндегі бірлескен декларациясына», 2011 жылдың маусым айында «Қазақстан-Қытай барлық сала бойынша стратегиялық әріптестікті дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдемеге» қол қойуы. 2013 жылдан басталған ҚХР-ның «Бір жол, бір белдеу» саясаты, сондай-ақ, Қазақстан мен Қытай елдері ШЫҰ, АӨСШК сынды ықпалды халықаралық ұйымдардың белді мүшелері ретінде де өзара түсінісу мен қолдау саясатын ұстанып, нәтижелі ынтымақтастықты тереңдетіп, әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қорғау ісіне де маңызды үлес қосып келеді.

Сауда-экономика тұрғысынан алып айтатын болсақ та ауыз толтырып айтар жетістіктер жетерлік. Экономикасы жаңа сипатта қарқынды дамып отырған Қытай мемлекеті мен Қазақстанның ортасында энергетика, минералды ресурстарға жатпайтын құрылыс негіздері сияқты салаларда Қазақстан-Қытай мұнай-газ құбыры, Қорғас шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығы, «Батыс Қытай - Батыс Еуропа көлік дәлізі» секілді ірі жобалар жөніндегі ынтымақтастық одан әрі қарқын ала түсті.

Қазақ елінде мыңға жуық Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорындары өнімді жұмыс істеп жатыр. Соңғы жылдары екі ел халықтарының барыс-келісі де қарқын ала түсті. Қазақстан мен Қытай елінде бір-біріне жұмыс, оқу, саяхат бабымен барып келетіндердің саны жылдан-жылға артпаса, кеміген емес. Бүгінде Қытайда мыңдаған қазақстандық студент білім алып жүрсе, Қытай тарапы да Қазақстаннан оқитын студент-стипендиаттардың жыл сайынғы квоталарын арттыруда. Екі ел арасында туризм саласы да бұрын соңды болған жоғары деңгейіне жетіп, қарқынды дамып келе жатқандығы байқалады.

Екі мемлекеттің де ынтымақтастығы шын мәнінде өзара пайдалы негізде жүргізіліп, қос тарапқа да нақты табыс әкелуде. Екі елдің барлық жағынан селбестік орнатып, бірлесе жұмыс жасап жатқан қарым-қатынасының алдағы уақытта жалғасын тауып, бұдан әрі өркендей беретініне сеніміміз мол!

Соңғы жаңалықтар