Қазақстан коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны өндіру технологиясына қол жеткізеді - ғалым

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан 1-2 жыл ішінде коронавирусқа қарсы отандық вакциналық препаратты өндіру технологиясына қол жеткізеді. ҚР БҒМ Ғылым комитеті Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының директоры Күнсұлу Закарья осылай дейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылдың 31 наурызында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына мәлімдеме жасап, коронавирус індеті дүниежүзінің 177 мемлекетіне таралғанын, 800 мыңға жуық адам дертке шалдыққанын айтты. Біздің елімізде төтенше жағдай жарияланып, вирустың жаппай таралуына жол берілмегенін айтып өтті. Бұған дейін дағдарысқа қарсы алғашқы шаралар топтамасының жарияланғанын еске салған Президент індетке шалдыққан адамдарға жан-жақты көмек көрсетілетінін, індетпен күресу барысында алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер мен медицина қызметкерлердің жалақысына үстем ақы төленетінін атап өтті. Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды, табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетіп, 42500 теңге көлеміндегі көмекті алатын азаматтардың санатын кеңейтуді тапсырғаны да белгілі. Президенттің бұл тапсырмалары уақытылы және дұрыс шешім деп есептеймін», - деді ол.

Жамбыл облысындағы Отарда орналасқан Күнсұлу Дальтонқызы басқаратын ҚР БҒМ ҒК Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты 1958 жылы құрылған және Қазақстан Республикасының адамның, жануарлар мен құстардың аса қауіпті ауруларынан қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік міндеттерді шешуге қабілетті жалғыз ұлттық ғылыми орталық саналады.

Бұл бірегей институт бұрынғы КСРО-ның ірі вирусологиялық орталықтарының бірінің «мұрагері» десек те болады. 60 жылдан астам тарихы бар БҚПҒЗИ-ында вирусология, микробиология, иммунология және биологиялық қауіпсіздік саласында үлкен жұмыс тәжірибесі жинақталған. БҚПҒЗИ жұмысының нәтижелері Қазақстаннан тыс жерлерде де белгілі.

Институт препараттардың 67 атауын, оның ішінде 30 вакцина атауын, 16 тест-жүйесін және 15-тен астам түрлі биопрепаратты әзірледі және енгізді. Институт жыл сайын әртүрлі вакциналардың 27 миллионнан астам дозасын жеткізеді, соның ішінде шет елдерге. Институттың аса қауіпті инфекциялардың патогендерімен жұмыс істеуге рұқсаты және аса қауіпті инфекциялардың патогендерімен жұмыс істеуге арналған биологиялық қауіпсіздігі 2 және 3-деңгейлі зертханалары (BSL-2+, BSL-3) бар.

БҚПҒЗИ ғалымдары ДДСҰ бақылауымен қысқа мерзімде (3 жылдың орнына 6 ай ішінде) Қазақстан жағдайына бейімделген алғашқы отандық «Қазақстан-15» құс тұмауына қарсы вакцинаны әзірлеп, Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысы бойынша 7 млн доза вакцина жеткізді. Нәтижесінде, көптеген басқа мемлекеттерге қарағанда Қазақстан құс санының 95 пайызын сақтап қалды. БҚПҒЗИ-да Kazfluvac, Refluvac адамға арналған отандық вакцина әзірленді.

«Қазақстан Республикасында СОVID-19 коронавирусымен күресу үшін БҚПҒЗИ ғалымдары вакцина әзірлеуге кірісті. Бүгінгі таңда вирусты бөліп алу ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған ғылыми зерттеулер нәтижелі болса 1-2 жыл ішінде коронавирусқа қарсы отандық вакциналық препаратты өндіру технологиясына қол жеткіземіз», - деді Күнсұлу Дальтонқызы.


Соңғы жаңалықтар