Қазақстан конфессияаралық диалогтың ашық алаңына айналды

None
None
АЛМАТЫ. Қазақпарат – Биыл Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің І съезі өткен кезден бері 16 жыл өтіп отыр. Сол сәтте қонақжай қазақ жері алғаш рет бейбітшіл, достық пейілді және жемісті конфессияаралық диалогты жүргізу үшін ашық алаңға айналған болатын. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу идеясының авторы Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болған еді. Оның конфессияаралық ашық диалог өткізу туралы идеясын сол сәтте барша әлем қызу қолдады.

Күрделі кезеңде, жаңа мыңжылдық басында ең жоғары деңгейде конфессияаралық ашық диалог өткізудің өзі нағыз революциялық іс еді. Содан бері Қазақстанның Тұңғыш Президентінің стратегиялық салмақты әрі көреген бастамасы өзінің өзектілігін жоғалтқан емес. Ал бүгінгі күні ірі әлемдік конфессиялар басшыларының Еуразия кіндігінде кездесуі ізгі дәстүрге айналды.

Таяуда елорда төрінде ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі хатшылығың басшысы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен хатшылық отырысы өткен болатын. Осы жиында Дариға Нұрсұлтанқызы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің І съезі діни қайшылықтарды жамылып іске асырылған бірқатар арсыз лаңкестік әрекеттерден кейін адамзат бүкіл әлемді толық дерлік жайлап алған конфессияаралық сенімнің дағдарысын бастан кешкен кезеңде өткендігін еске салды.

«Өкінішке қарай, экстремизм, терроризм мәселелері және зорлық-зомбылықтың өзге де түрлері әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Осы жылдар ішінде ғибадатханалары мен діндарларына жалған табынушылар мен экстремистер қастандық жасамаған конфессия жоқ. Алайда біз бүгінгі күні мұндай зорлық-зомбылық актілері қоғамға іріткі салуды көздеген мақсатына жете алмайды деп сенімді түрде айта аламыз. Керісінше, олар планетамыздың барша тұрғындарының бейбіт өмір мен қауіпсіздік үшін ынтымақтасуына ықпал ете отырып, адамзатты біріктіретініне күмәніміз жоқ», - деді ол.

Оның пайымынша, Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі Жер бетіндегі бітімгершілік процесіне, адамдарды төзімділік мен сыйластық рухында тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосты. Съездің алғашқы декларациясының өзінде қатысушылар «діни ерекшеліктерді өшпенділік пен алауыздық құралы ретінде пайдалануға жол бермеуге барынша күш салып, адамзатты діндер мен мәдениеттердің жаһандық қақтығысынан қорғауға» дайын екендігі туралы, сондай-ақ «төзімділік, шындық, әділдік пен сүйіспеншілік сияқты құндылықтарды кез келген уағыздың негізгі мақсаты ретінде ілгерілету» туралы мәлімдеді.

Қорыта айтқанда, Қазақстанның көрсетіп отырған үлгісі мен әлемдік діни және саяси лидерлердің Съезд декларациясының бағытын жер-жерде ұстануы қақтығыстар орын алған аймақтарда шиеленісті әлсіретуге, өркениеттерді жақындастыруға және біздің ортақ үйіміз – түптеп келгенде шағын әрі осал, бірақ аса көркем планетамызда бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға айтарлықтай ықпал ететініне сенімдіміз.

Соңғы жаңалықтар