Қазақстан қауіпсіз елдер рейтингінде ТМД бойынша 1-орында тұр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан қауіпсіз елдер рейтингінде ТМД елдері арасында бірінші және әлемде 64-орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ranking.kz сайтына сілтеме жасап.

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2019 жылы әлемдік экономика 2,4% дейін баяулаған, оның басты себептері – елдер арасындағы сауда соғыстары, әлемдегі геосаяси жағдай болып отыр.

Сонымен бірге, сыртқы саяси шиеленіс елдердің инвестициялық белсенділігіне айтарлықтай әсер етті. 2019 жылы тікелей шетелдік инвестициялардың жаһандық ағыны төмендеген. ЭЫДҰ мәліметтері бойынша, 2019 жылдың алғашқы жартысында тікелей шетелдік инвестициялардың ғаламдық ағыны 20% немесе 572 млрд долларға дейін азайған.

Мемлекеттегі бейбіт ахуал және басқа елдермен қарым-қатынас экономиканың және тұтастай елдің дамуында маңызды рөл атқарады. Әлемдік бейбітшілік индексіне сәйкес, Исландия, Жаңа Зеландия, Португалия, Австрия және Дания өмір сүруге ең қауіпсіз елдер атанды. Сонымен қатар, алғашқы ондыққа Канада, Сингапур, Словения, Жапония және Чехия кіреді. Жалпы, рейтингке 163 ел енген.

Индекс елдегі зорлық-зомбылық деңгейі мен қылмыс сынды ішкі факторларды және халықаралық қатынастары, әскери шығындар секілді сыртқы факторларды ескереді. Жалпы, өмір сүру қауіпсіздігі деңгейі 23 индикатор бойынша бағаланады.

Өмір сүру үшін ең қауіпті елдер қатарына Ауғанстан, Сирия, Оңтүстік Судан, Йемен және Ирак еніп отыр. Айта кеткен жөн, Ресей ең қауіпті он елдің қатарына кіреді.

Қазақстан қауіпсіздік деңгейі жоғары елдер тізіміне еніп, бұл рейтингте 64-ші орынға тұрақтады. Сонымен бірге, Қазақстан зерттеу жүргізуде ТМД-ға кіретін немесе бұрын болған 12 мемлекет арасында бірінші орынға ие болды. Мұндай бағалау, көптеген басқа факторлармен қатар, елді инвесторлар үшін тартымды етеді және аймақтағы бәсекеге қабілеттілікті арттырады.


Соңғы жаңалықтар