Қазақстан ислам елдеріне ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастықты ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан ислам елдеріне ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастықты ұсынды. Бұл туралы бүгін ИЫҰ саммитінің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірасылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінге Қазақстан өзінің ғылыми зерттеулер қарқынды дамыту үстінде. Бізде бірегей ядролық реакторлардың бірі бар. Ол әлі күнге жұмыс істеп тұрған - Степногорскідегі Ядролық физика институтындағы Токамак реакторы. Меніңше, дәл осы нысанның ядролық энергетика бойынша зерттеулерде ислам әлем елдерінің ғалымдарын біріктіруде өте жақсы келешегі бар. Кеше БАӘ өкілі елінде ядролық реактор құрылысы қарқынды басталғанын айтып еді. Толықтай алғанда бұл да зерттеулердегі келешегі зор бағыт бола алады деп санаймын», - деді ол.

Сонымен қатар ол ислам ғалымдары климаттың өзгеруіне қатысты да бірлесе жұмыс істей алатындығын атап өтті.

«ЮНЕСКО шешімімен Қазақстанда 2-ші санатты бүкіләлемдік гляциологиялық орталық құратындығы турасында хабарландырғым келеді. Ол Алматыда жұмыс істейтін болады. Орталық мұздықтардың еруін және су проблемаларын зерттеумен айналысады. Осы орайда климаттың өзгеруі мәселесінде біздің ғалымдарымыздың күш-жігерін шоғырландыру қызықты болар еді», - деді Б.Әбдірасылов.

Сонымен қатар комитет басшысы мұсылман ғалымдары үшін жаңа технологиялар, жаңа материалдар, ғарыш, медицина салаларында да бірлесе жұмыс істеуге зор мүмкіндік бар екендігін айтты.

Соңғы жаңалықтар