«Қазақстан халқына» қорының қамқоршылық кеңесі мүшелеріне жалақы төлене ме
2022 жылғы 22 қаңтар 15:44

«Қазақстан халқына» қорының қамқоршылық кеңесі мүшелеріне жалақы төлене ме

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазақстан халқына» қорының қамқоршылық кеңесіне мүше болған азаматтар қызметі үшін жалақы ала ма? Бұл сұраққа қордың басқарма төрағасы Болат Жәмішев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз қор қызметін жандандыруда өңірлердегі қайырымдылық және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейтін боламыз. Себебі біз бүкіл республиканы қамти алмаймыз. Қоғамдық ұйымдармен серіктес ретінде жұмыс істейміз. Және олардың қызметіне ақы төленбейді. Бұл - қоғамдық жұмыс. Сонымен қатар бізбен жұмыс істейтін қоғамдық, яғни қайырымдылық ұйымдар біздің қордың қаражатын игеріп, меңгермейді. Қайырымдылық қаражаты мұқтаж жанның қалтасына тікелей аударылады», - деді Б. Жәмішев орталық коммуникациялар қызметінде онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, қор басшысы қамқоршылық кеңесі мүшелерінің қызметіне ақы төлене ме деген сауалға жауап берді.

«Қамқоршылық кеңесі мүшелеріне қызметі үшін жалақы төленбейді. Олар қоғамдық жұмыс ретінде атқарады. Кеңес мүшелері бекітілгеннен кейін жиын өткіздік. Ол жерде қордың жұмыс жоспарын ортаға салып, әр қатысушы өз идеясын ұсынды», - дейді ол.

Аталған брифингте Болат Жәмішев қорға түскен қаражаттың ашық жария етілетінін айтып сендірді.

Одан бөлек, төраға қор есебінен елдің әлеуметтік мәселесін түгелдей шешу мүмкін еместігін жеткізді.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT